Қымбатшылықтың қыспағы мен инфляцияның ызғары ел экономикасына қалай әсер етті

16.01.2026 12:47 Арман Ермеков Арман Ермеков
Қымбатшылықтың қыспағы мен инфляцияның ызғары ел экономикасына қалай әсер етті
0
47
Фото: nacanalytica.kz

Ұлттық талдау орталығы 2025 жылғы еліміздің әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары мен инфляцияға әсер еткен негізгі факторларға шолу жасады, деп хабарлайды Politico.kz порталы malim.kz-ке сілтеме жасап.

Жылдық есеп бойынша инфляция деңгейі он екі бүтін оннан үш пайызды құрады. Қымбатшылықтың белең алуына азық-түлік бағасының бес пайыздан астам өсуі, денсаулық сақтау саласындағы және коммуналдық қызметтердегі тарифтердің көтерілуі айтарлықтай үлес қосқан. Осыған байланысты Ұлттық банк базалық мөлшерлемені он сегіз пайыз деңгейінде қалдыру туралы шешім қабылдады.

Инвестициялық климатта оң өзгерістер байқалады. Қаңтар мен қараша айлары аралығында негізгі капиталға құйылған қаржы көлемі он үш пайыздан астам өсімді көрсетті. Қаржыландырудың басым бөлігі, яғни алпыс екі пайызы кәсіпорындардың төл қаражаты есебінен жүзеге асқан. Ал бюджет қаржысы жиырма екі пайыздан асса, банк несиелерінің үлесі төрт пайыз шамасында ғана болды.

Сарапшылар бағаның шарықтауын көбіне сыртқы факторлармен байланыстырады. Олардың қатарында импорттық азық-түлік инфляциясы, әлемдік нарықтағы бағаның құбылуы және рубль бағамының өзгеруі бар. Ішкі нарықтағы басты кедергі ретінде жеткізу тізбегіндегі өнімсіз делдалдардың көбеюі мен транзакциялық шығындарды арттыратын көлеңкелі айналымдар аталды.

Талдау орталығы ұсынған презентацияның жеке бөлімі экономикалық патриотизм тақырыбына арналды. Мамандар бұл ұғымды сүт өнімдері саласы мысалында қарастырған. Жүргізілген сауалнама нәтижесі халықтың жергілікті өнімге деген сенімі жоғары екенін аңғартты. Дегенмен респонденттердің жиырма жеті пайызы қазақстандық сүт өнімдерін сырттан келетін тауарлардан ажыратуда қиындық көретінін жасырмаған.

Осы олқылықтың орнын толтыру үшін «Қазақстанда жасалған» таңбасын белсенді қолдану, дәм таттыру шаралары мен промо-науқандарды көбейту ұсынылды. Сондай-ақ импорттық және отандық өнім сапасын бақылауда бірыңғай талап қою мәселесі көтерілді. Мамандар экономикалық патриотизмді дамыту тек мемлекеттік органдардың ғана емес, бизнес өкілдерінің, сауда орындары мен қоғамның бірлескен жұмысы екенін атап өтті.

Google News

Следите за нашими новостями в Google News

Подписаться
Пікірлер (0)
Здесь пока ничего нет
Пікір қалдырыңыз
Войдите, чтобы оставить комментарий