Қытайлық тұтқындар Ресей үшін соғысқанына өкінуде

Қытай азаматы Ресей жағында соғысуға барып, қателік жасағанын мойындады, деп хабарлайды POLITICO.KZ The Times басылымына сілтеме жасап.
Украинада Ресей жағында соғысып, тұтқынға түскен қытайлық сарбаздар алданып қалғандарын мойындады. Олардың айтуынша, командирлер оларды кемсітіп, елдеріне қайтармаған.
Біреулері ақша үшін барса, енді бірі Ресейге көмектесу арқылы Қытайдың «ұлттық жаңғыруына» үлес қосып жатырмыз деп сенген.
Украинадағы соғысқа аттанған қытайлықтар Мәскеуге арзан билеттер алып, патриоттық ұрандармен аттанған еді. Олар сол жерде әскери форма алып, қысқаша дайындықтан өтіп, бірден Бахмут пен Запорожье майданына жіберілді.
Бірақ шынайы жағдай мүлде басқаша еді. Олар достарының көз алдында қаза болғанын көрді, ресейлік командирлердің кемсітуіне, соның ішінде нәсілшілдік қорлығына ұшырады. Олар украиналық қалалар мен бейбіт тұрғындардың үйлерін басып алуға қатысып, тек кейін ғана сол жердің халқы өздерін мүлде қаламайтынын түсінді. Ал келісімшартта көрсетілгендей, елге қайту мүмкіндігін сұрағанда, ресейліктер оларды мазақ қылды.
«Мені майданға бірінші жіберіңдер, сонда жеңіс сөзсіз!» деген еді Сунь Жуйци камера алдында. Бірақ бірнеше аптадан кейін оның әлеуметтік желісіндегі жазбаларын оқу қиындай түсті. Ол соғыстан кетуге тырысқанымен, еш жол таппады.
«Медициналық көмек мүлде жоқ», – деді ол. «Ешкімнің шаруасы жоқ. Ауырсыну мені өлтіріп барады. Қытайдың Ресейдегі елшілігіне хабарластым, бірақ олар "бұл өз мәселең" деп қысқа қайырды».
Кеше Украинаның қарулы күштері бір апта бұрын тұтқынға алынған екі қытайлық сарбазды баспасөз алдына шығарды. Олар камера алдында абыржып, бұл соғысқа өз еркімен келмегенін, тек үйге қайтудың жалғыз жолы ретінде қатысқанын айтты.
«Біз төбелерге көтеріліп, орманға кірдік, сосын окоптарға орналастық. Бір сәтте бізді басқа орманға ауыстырып, оқ жаудыратын бағытты көрсетті», – дейді тұтқындардың бірі Ван Гуанцзюнь. «Кенеттен көп мөлшерде украиналық дрондар пайда болып, бізді бомбылай бастады».
Ол өз әскери бөлімінің атауын «шамамен» 7-моторлы бригада деп болжады. Өзі орыс тілін білмегендіктен, бұйрықтарды түсінбегенін жеткізді.
Ван пандемия кезінде жұмысынан айырылып, әлеуметтік желілердегі Ресейдің жеңісі туралы видеоларға алданып қалғанын айтты.
Екінші тұтқын Чжан Жэньбо жұмысшы ретінде бара жатқанын ойлаған: «Соғысқа дейін мен Украина жайлы ештеңе білмейтін едім», – деді ол.
Екеуі де соғыс алаңынан тыс уақытта ауыр жұмыстарға мәжбүр болғандарын, тамақ пен судың тапшылығын көргендерін айтып шағымданды.
Осындай шатасу мен түңілу сезімдері Украинаға Ресей жағында соғысуға барған жүзден астам қытайлық «еріктінің» әңгімелерінде жиі кездеседі. Мұндай жағдайлар олардың әлеуметтік желідегі жазбаларынан да байқалады.
Олардың арасында ең ұзақ әрі мазмұндысы – Бахмутта соғысқан бұрынғы қытайлық сарбаздың жарты сағаттық сұхбаты. Ол қазір Испанияда тұрып жатқан, қытай цензурасынан тәуелсіз журналист Чай Линге сұхбат берді.
Өзін «Қызыл Макарон» деп атаған сарбаз соғысқа барғанына қатты өкінетінін жеткізді:
«Мен үлкен қателік жасадым», – деді ол. «Славян халықтарының арасындағы бұл соғысқа қосылуым дұрыс шешім болмады. Мұнда әрбір метр жер қан арқылы алынады. Бұл мүлдем қызық емес. Мұнда ешқандай көңілді нәрсе жоқ».
Ол моральдық тұрғыдан күйзеліске түскенін айтып, бір жағынан міндетін атқарып тірі қалуға тырысқанын, екінші жағынан үйлері қираған украиналықтардың тағдырын ойлағанын жасырмады.
«Мұнда адамгершілік пен мораль деген ұғым жоқ», – деді ол. «Әсіресе тұтқынға түскен сарбаздар қорланып, азапталып, тіпті өлтірілуі мүмкін. Мұндай әрекеттер адамгершіліктің ең негізгі қағидаларына қайшы. Бұл мүлдем дұрыс емес».
Алғашында оны айына 15 мың юань (шамамен 1560 фунт) жалақы қызықтырған екен. Ол алдымен Луганскіге барып, жергілікті жасаққа қосылған, кейін ресейлік армия қатарына ауысқан.
Сол жерде командирі оны және басқа сарбаздарды, әсіресе қытайлықтар мен қара нәсілді жауынгерлерді, арабтарды нәсілдік тұрғыда үнемі кемсіткен. Кейін командир оның өз ақшасына сатып алған оқ өткізбейтін кеудешесін тартып алған кезде, ол шағым түсірген. Ақыры оны екі ресейлік сарбазбен бірге түрмеге тастаған. Олар адам өлтіруден бас тартқаны үшін жазаланып, кейін тағдыры «қорқынышты» жағдайда аяқталған.
Сұхбаттан кейін Макарон жарақаттанып, соңғы рет Ресейдегі ауруханада көрінген.
Қытай үкіметі өз азаматтарының Украинада Ресей жағында соғысып жүргеніне ыңғайсыз жағдайда қалды. Пекин олардың бұл соғысқа қатысуына рұқсат бермегенін айтқанымен, оларды елге қайтаруға ешқандай әрекет жасаған жоқ.
Бұл сарбаздардың көбі Қытайдағы экономикалық қиындықтарға байланысты қарызын өтеу үшін соғысқа аттанған деген болжам да айтылуда.
Макарон сұхбатында саясатқа араласқысы келмегенімен, Қытайдың соңғы жылдардағы әскери фильмдерін сынға алды:
«Қытайдың тұрақты саясат ұстанғанын қалаймын. Соғысты оңай қоздырмау керек. «Қасқыр-жауынгер» секілді фильмдер адамдарды тым әсерлендіреді, шын мәнінде соғыс – сұмдық тозақтың өзі», – деді ол.
Ван Гуанцзюнь да осыны қолдады:
«Нағыз соғыс фильмдегі соғысқа мүлде ұқсамайды. Ата-анамнан кешірім сұраймын. Бар тілегім – үйге аман-есен оралу үшін барлық талапты орындау».
Соңғы жаңалықтар





