Қызылорда облысында жалған анықтама жасап берген дәрігер сотталып кетті
Қызылорда облысында жалған еңбекке жарамсыздық парағын қолданған шенеунік пен оны жасап берген дәрігер сотталды, деп хабарлайды Politico.kz.
Қызылорда облысында мемлекеттік қызметші қамауда болғанын жасыру үшін жалған еңбекке жарамсыздық парағын пайдаланған. Тергеу барысында құжатты аудандық аурухананың дәрігері жасағаны анықталып, екеуі де сот алдында жауап берді
Қызылорда облысының прокуратурасы Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің қызметіне тексеру жүргізу барысында лауазымды тұлғаның қылмыстық құқық бұзушылық жасау фактісін анықтады.
Атап айтқанда, Сырдария аудандық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының бөлім басшысы әкімшілік құқық бұзушылық жасағаны үшін 15 тәулікке қамауға алынған. Алайда мемлекеттік қызметші жұмыста болмаған себебін жасыру және жұмыстан қалуын заңдастыру мақсатында басшылыққа жалған уақытша еңбекке жарамсыздық парағын ұсынған.
Тергеу барысында құжаттың жалған екені және оны Сырдария аудандық ауруханасының дәрігері дайындағаны белгілі болды.
«Прокурорлық тексеру материалдары негізінде сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталып, іс сотқа жолданды. Соттың үкімімен аудандық аурухана дәрігері жалған құжат дайындағаны үшін Қылмыстық кодекстің 385-бабы 1-бөлігімен кінәлі деп танылып, оған 1 жыл мерзімге бостандығын шектеу жазасы тағайындалды. Ал бөлім басшысы көрінеу жалған құжатты пайдаланғаны үшін Қылмыстық кодекстің 385-бабы 3-бөлігімен кінәлі деп танылып, оған 20 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салынды. Сот үкімі заңды күшіне енді», – делінген прокуратура хабарламасында.
Соңғы жаңалықтар