Ақсуда босанған әйелдің жатырын алып тастаған: Тексеру дәрігерлердің қателігін анықтады
Павлодар облысының Ақсу қалалық ауруханасында босанған әйелге медициналық көмек көрсету кезінде бірқатар заңбұзушылыққа жол берілген, деп хабарлайды Politico.kz.
Кесарь тілігінен кейін қансыраған науқастың жағдайы нашарлап, дәрігерлер ақыры оның жатырын алып тастауға мәжбүр болған.
Әйелдің айтуынша, отадан кейін көп қан жоғалтқан. Ол бірнеше рет медицина қызметкерлерінен көмек сұрағанымен, шақыруына бірден назар аударылмағанын алға тартқан.
Уақыт өте келе науқастың жағдайы күрт нашарлаған. Кейін әйелде сепсис дамып, дәрігерлер оның жатырын алып тастау туралы шешім қабылдаған.
Осы оқиғадан кейін пациенттің шағымы негізінде Павлодар облысы бойынша Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетінің департаменті ауруханада жоспардан тыс тексеру жүргізді. Тексеруге тәуелсіз сарапшылар да тартылған.
Тексеру қорытындысы бойынша дәрігерлер тарапынан бірқатар кемшілік анықталған. Атап айтқанда, жатыр атониясы дер кезінде әрі дұрыс анықталмаған. Сонымен қатар босанғаннан кейінгі алғашқы кезеңде әйелдің жағдайы тиісті деңгейде бақыланбаған және қажетті медициналық көмек уақытылы көрсетілмеген.
Департаменттің ресми қорытындысында медициналық көмектің кешіктірілуі салдарынан науқастың жағдайы асқынып, жедел бүйрек жеткіліксіздігі мен ДВС-синдромы дамығаны көрсетілген.
Қазіргі уақытта тексеру материалдары тиісті шешім қабылдау үшін Павлодар облысының денсаулық сақтау басқармасына, Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына және полиция департаментіне жолданған.
Соңғы жаңалықтар