Ресей Украинамен уақытша бітім жасағысы келмейді

Ресей Украинамен уақытша бітім жасауды қаламайды және қақтығысты ұзақ мерзімді реттеуге мүдделі. Бұл туралы 13 наурыз, бейсенбі күні Ресей президентінің көмекшісі Юрий Ушаков “Россия-1” мемлекеттік телеарнасына берген сұхбатында мәлімдеді.
“Біздің мақсатымыз – еліміздің заңды мүдделерін ескеретін ұзақ мерзімді бейбіт реттеу,” – деді Ушаков.
Оның айтуынша, “бейбіт әрекетті имитациялайтын” қадамдардың ешкімге қажеті жоқ.
Сондай-ақ, ол Мәскеу Вашингтонның Ресей ұстанымын түсінетініне үміттенетінін айтты және атысты тоқтату мәселесін талқылау кезінде бұл ескеріледі деп мәлімдеді. Осылайша, ол Мәскеудің Вашингтонға бітімге келу шарттарын жолдағаны туралы ақпаратқа түсініктеме берді.
Бұған дейін Reuters агенттігі дереккөздеріне сілтеме жасап, Ресейдің АҚШ-қа соғыс тоқтатуға қатысты талаптар тізімін жолдағанын хабарлаған болатын. Бұл талаптар бұрын Ресей билігі Украинаға, АҚШ-қа және НАТО-ға қойған шарттарға ұқсас. Олардың ішінде Киевтің НАТО-ға мүшеліктен бас тартуы, Украина аумағында шетелдік әскерлердің орналастырылмауы және Ресей басып алған украин жерлерінің мойындалуы бар.
Ушаков 13 наурызда АҚШ президенті Дональд Трамптың арнайы өкілі Стив Уиткоффтың Мәскеуге сапарына қатысты пікір білдіруден бас тартты.
“Біз мұндай байланыстардың жабық форматта өтетіні жөнінде келістік,” – деді ол.
Ал 11 наурызда Сауд Арабиясында АҚШ пен Украина делегациялары арасында бейбіт реттеу жөнінде келіссөздер өтті.
Джиддадағы кездесуден кейін Киевтің АҚШ-тың 30 күндік уақытша бітім жөніндегі ұсынысына келісім бергені хабарланды. АҚШ мемлекеттік хатшысы Марко Рубио ендігі шешім Ресейдің қолында екенін айтты.
Оның сөзінше, Ресей келісім берсе, бітім күшіне енеді, содан кейін бейбіт келіссөздер басталуы тиіс.
Соңғы жаңалықтар





