Ресейде блогер бассейнде босанып, сәбиі шетінеп кетті
Ресейде үй жағдайында босану кезінде нәрестенің қаза табуы қоғамда үлкен резонанс тудырды. 112 ақпарат агенттігінің мәліметінше, үрлемелі бассейнде босанған әйел TikTok желісінде шамамен 1,4 миллион оқырманы бар танымал блогер болған, деп хабарлайды POLITICO.KZ.
Алдын ала ақпаратқа сәйкес, Айша Чигга есімді блогер медициналық мекемеге жүгінбей, үйде босануды таңдаған. Сәби дүниеге тірі келгенімен, арада көп уақыт өтпей шетінеп кеткен. Қазіргі таңда оқиғаның барлық мән-жайын құқық қорғау органдары мен медицина қызметкерлері тексеріп жатыр, тергеу амалдары жүргізілуде.
Бұл қайғылы жағдай әлеуметтік желілерде қызу пікірталасқа ұласты. Бірі қайғыға ортақтасып, көңіл айтса, енді бірі үйде босанудың қауіптілігіне назар аударып, ана мен бала өміріне қатысты мұндай шешімдерге жауапкершілікпен қарау қажет екенін алға тартты.
Мамандардың айтуынша, медициналық мекемеден тыс жерде босану әрдайым жоғары қауіппен байланысты. Босану процесі кәсіби бақылауды және жедел медициналық көмекті талап етеді, өйткені күтпеген асқынулар ана мен баланың өміріне тікелей қауіп төндіруі мүмкін.
Соңғы жаңалықтар