Ринат Зайыт: Ауылдарда кітапхана ашатын заңға пысқырып та қарамады

27.07.2026 20:48 Томирис САҒЫНДЫҚ
Ринат Зайыт: Ауылдарда кітапхана ашатын заңға пысқырып та қарамады
55
Фото: ЖИ көмегімен жасалды

Айтыскер ақын, Мәжіліс депутаты болған Ринат Зайыт ауыл жастарының бос уақытын тиімді өткізетін кәсіп етер мүмкіндіктердің жоқтығына қынжылыс білдірді. Сонымен қатар, халық қалаулысы кезінде «Креативті индустрия туралы» заң жобасына неліктен қарсы дауыс бергенін түсіндірді, деп хабарлайды Politico.kz.

Бұл туралы ол «Адал адам» бағдарламасына берген сұқбатында айтты.

«Жақында Оқу-ағарту министрлігіне «Ауылда мүмкіндігі шектеулі қанша бала бар?» деген сұрақ жолдаған едім. Өкінішке қарай, ауылдың жағдайы ұмыт қалып барады, барлық есеп қаланың деңгейімен ғана беріледі. Тіпті ауылдарда кітапханалар ашуды міндеттейтін заңнамалық норма ұсынған едік, оған да ешкім пысқырмады, «ақша жоқ» деп қараған жоқ. Қазір ауыл жастары айналысатын ештеңе жоқ, мәдениет үйлерінің де жағдайы сын көтермейді. Ауылда елдің басын қосатын орталықтар ашылмай отыр», – деді Ринат Зайыт.

Сондай-ақ депутат талантты жастарды топ-тобымен қалаға көшіргеннен гөрі, олардың туған жерінде еңбек етіп, өсуіне жағдай жасау — яғни ауылды гүлдендіру әлдеқайда маңызды екенін атап өтті.

«Бұған дейін қабылданған «Креативті индустриялар туралы» заңға да кезінде қарсы болдым. Өйткені онда «Ауылдан шыққан таланттарды қалаға әкеліп дамытамыз» деген норма бар. Неге біз таланттарды ауылдың өзінде дамытпаймыз? Керісінше, ауылдарда концерттер мен спектакльдер қойылатын жағдай жасап, мәдени ошақтарды өркендетуіміз керек еді. Ауылдарда театрлар ашылмайынша, ұлттық мәдениет пен идеологияны сақтап қалу мүмкін емес. Ал таланттардың бәрін қалаға тартып ала берсек, ауылдың рухани тамырына балта шабылады», – деді депутат.

Бұдан бөлек, халық қалаулысы ең төменгі жалақы мөлшерін арттыру мәселесіне оң ықпал ете алмағанына да өкініш білдірді.

«Қазіргі таңда халықтың көңіл-күйі де мәз емес. Ақпарат құралдары арқылы Үкімет «экономика өсіп жатыр» деп мақтанғанымен, бұл халықтың жүйкесіне тиеді. Депутаттық өкілеттігімде ең қатты ұялатыным – ең төменгі жалақы мөлшерін тиісті деңгейге дейін көтеруге әсер ете алмағаным. Ең болмаса соны іске асыра алсақ, бір жүгіміз жеңілдер еді», – деді Ринат Зайыт.

Войдите, чтобы оставить комментарий