Роза Әлқожа қонақты үйіне емес, дәмханаға шақыратындарды сынады

Танымал әнші, ақын Роза Әлқожа желіде қонақ күту мен қазақы дәстүрге құрмет жайлы әсерлі жазба жариялады, деп хабарлайды POLITICO.KZ.
«Жақсылардың басын қосып ішкен бір шәугім шай бәрінен тәтті. Бүгінгі заманда адамдар жалқауланып бара жатқаны жасырын емес. Ал көңілді көтеретін, жүректі жұмсартатын – жылы жүздесу», – деп жазды әнші.
Роза ханым үйде қонақ болмаса, дастархан жайылмаса, береке болмай тұрғандай сезінетінін айтты. Ол рестораннан тамақ ішкеннен гөрі, үйде төр көрсетіп, нағыз қазақы мейман күту – ерекше ыстық екенін жеткізді.
«Кеше аяқ астынан қонақ шақырдық. Үш жылдан бері сапарға бірге шығып, қуанышымды бөліскен Әділ Өтемістің ата-анасын, нағашы әпкелерімді, құдаларымды үйге шақырдым. Ана дүниенің қандайлығын көрерміз, ал мына дүниеде дәм-тұз қарыз болып қалмайық...», – деді ол.
Әнші қазақтың сыйластық, қарапайымдық, дастархан дәстүрі жоғалмауы керектігін, жақын-жуықтың арасы суымай, бір үзім нанмен ұйыса білудің маңызын ерекше атап өтті.
«Адамның адамға жаттығы жоқ, жуыса алса. Жақының жат болатыны – жоламаудан. Сыйластықтың сәні – үзілмеген қатынаста. Алла тәкаппарлықтан сақтасын!» – деп түйіндеді ол жазбасын.
Соңғы жаңалықтар





