Рудный прокуроры 4,5 жылға сотталды
 
                                Қостанай облысында Рудный қаласының бұрынғы прокуроры Мұрат Теміртасұлы Успановқа қатысты сот үкімі шықты. Ол аса ірі мөлшерде пара алмақ болғаны үшін кінәлі деп танылды, деп хабарлайды POLITICO.KZ Tengrinews.kz-ке сілтеме жасап.
Тергеу мәліметінше, Успанов Рудный қалалық әкімдігінің құрылыс бөлімінің басшысынан 20 миллион теңге көлемінде сыйақы сұраған. Бұл ақшаға ол 39-шағын аудандағы абаттандыру жұмыстары бойынша анықталған заңбұзушылықтарды жасырып, сондай-ақ бюджет қаражатын мақсатсыз пайдалану дерегі бойынша қозғалған істі тоқтатпақ болған.
Ақша талап ету туралы арыздан соң шенеунік Ұлттық қауіпсіздік комитетіне хабарласқан. Нәтижесінде прокурор комитет қызметкерлері жүргізген арнайы операция кезінде Қостанайдағы дүкендердің бірінің жанында, өзінің Land Cruiser көлігінде қолға түскен.
Сотта Мұрат Успанов болған оқиғаны егжей-тегжейлі баяндап, өз кінәсін толық мойындады. Прокуратура өкілі Еркебұлан Айтбаев Мұрат Оспановқа Қылмыстық кодекстің 24-бабының 3-бөлігі және 366-бабының 3-бөлігі, 3-тармағы бойынша, яғни аса ірі мөлшерде пара алуға оқталу бабы бойынша айып таққаны белгілі болды.
Іс сотта қысқартылған тәртіппен қаралды. Айыптаушы тарап оған орта қауіпсіздік мекемесінде 4 жыл 6 ай бас бостандығынан айыру жазасын және мемлекеттік қызметте өмір бойы лауазым атқару құқығынан айыруды сұрады. Қорғаушы Успановтың бостандықта қалып, айыппұл төлеуіне мүмкіндік беруді өтінген. Алайда, сот бұл өтінішті қанағаттандырмады.
Судья Нұрлан Бекаишевтің төрағалығымен өткен сот Успанов Мұрат Теміртасұлын кінәлі деп танып, 4 жыл 6 айға бас бостандығынан айыруға үкім шығарды. Сондай-ақ, ол өмір бойына мемлекеттік қызметте лауазым атқару құқығынан және "әділет аға кеңесшісі" сыныптық шенінен айырылды.
Успанов Мұрат Теміртасұлы - 1978 жылы туған, Торғай облысы Октябрь ауданының тумасы, прокуратурадағы еңбек жолын 2005 жылы Наурызым ауданы прокурорының көмекшісі міндетін атқарушы болып бастаған. Рудный қаласының прокуроры қызметіне 2024 жылдың 6 қыркүйегінде тағайындалған.
Айта кетейік, 28 қыркүйекте Рудный қаласының прокуроры Успанов Мұрат Теміртасұлы ұсталғаны жайлы жазған болатынбыз.
Соңғы жаңалықтар
 
                                         
                                         
                                         
                                         
                            