Руслан Берденов сотта қастандық сәтін баяндап берді

Руслан Берденов сотта қастандық сәтін баяндап берді
18.08.2025 13:41
0
122
Сурет: Orda.kz
Руслан Берденов өзіне жасалған қастандыққа қатысты сотта алғаш рет жауап беріп, шабуылдың жан түршігерлік сәттерін баяндады, деп хабарлайды POLITICO.KZ саяси-әлеуметтік порталы.

Берденов қастандық жасаушының өзін басынан атуға оқталғанын, бірақ аман қалу үшін соңына дейін күрескенін айтты.

Берденовтің сөзінше, бірінші оқ оның басына тура бағытталған.

«Мен еңкейіп үлгердім. Содан кейін арқамнан төрт рет атты. Мен жерге құладым. Ол жаныма келіп, қаруын қайта оқтап, маған қайта кезеді. Есім шығып кетті, денемді қан жуып жатқанын сездім, бірақ түсіндім: егер тұрмасам, ол мені өлтіреді», – деді Берденов.

Оның айтуынша, бір қолы істемей қалса да, ол орнынан тұрып, күрескен. Сол кезде қару жерге түсіп, Жиембай қаша жөнелгенде, оны Берденовтің жүргізушісі көлігімен қағып тоқтатқан.

Әкім орынбасары шабуылдан кейінгі алғашқы сәттерде оған кездейсоқ куә болған екі қыз көмектескенін атап өтті.

«Олардың бірі фельдшер болып шықты. Ол маған: «Ұйықтамаңыз, көзіңізді жұмбаңыз», – деп демеу болып, алғашқы медициналық көмек көрсетті. Сол сәтте аузыма қанның дәмі келгенде, «өмірімнің соңы осы шығар» деп ойладым. Сол кезде өміріммен қоштасып жатырмын деп ойлап, дұға еттім. Ота кезінде менің өкпемнің 20 пайызын алып тастады», – деді Берденов.

Бұл сот отырысы Руслан Берденовтің айыпталушымен тікелей диалогқа шығуымен де есте қалды. Ол Жиембайдың кешірімін қабылдамайтынын айтып: «Егер еркек болсаң, әйеліңді мұндай лас әңгімеге араластырмас едің», – деп, істің астарында терең сыр жатқанын аңғартты. Тергеу материалдарында айыпталушының өз әйелін пайдаланып, әкім орынбасарын кездесуге алдап шақырғаны туралы болжам айтылған болатын. 

Пікірлер (0)
Здесь пока ничего нет
Пікір қалдырыңыз
Войдите, чтобы оставить комментарий