Сәбиін құшақтаған курьер әйел көшіп кетті
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау бірінші вице-министрі Ербол Тұяқбаев Алматыда қолында сәбиі бар курьер болып жұмыс істеген жас ана туралы тың дерекпен бөлісті, деп хабарлайды Politico.kz.
Оның айтуынша, бұл оқиға әлеуметтік желілер мен бұқаралық ақпарат құралдарында кеңінен тарағаннан кейін Алматы қаласының Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы отбасының жағдайын зерделеу жұмыстарын жүргізген.
«Мамандар отбасы тұратын мекенжайға барып, жұмысқа орналасуға және әлеуметтік қолдау алуға байланысты бірнеше ұсыныс жасады. Алайда олар көрсетілген көмекті қабылдаудан бас тартқан. Кейін өз еріктерімен Алматы қаласынан көшіп кеткен. Қазіргі уақытта отбасы Шымкентте ата-анасының қолында тұрып жатыр», – деді Ербол Тұяқбаев Сенат кулуарында.
Бірінші вице-министрдің айтуынша, отбасының басқа қалаға көшуіне мемлекеттік органдар тарапынан қандай да бір қысым немесе мәжбүрлеу әрекеттері болмаған.
«Бұл – олардың жеке таңдауы. Отбасы өзара келісімге келген болуы мүмкін. Мүмкін ата-анасы шақырған шығар. Мен бұл мәселені жақында тағы нақтылап сұрадым. Шымкент қаласының Жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасы аталған ақпаратты растады», – деді вице-министр.
Айта кетейік, бұған дейін сәбиін құшағына алып курьер болып жұмыс істеген жас ананың видеосы қоғамда қызу талқыланған болатын. Осыған байланысты 18 маусым күні Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Асқарбек Ертаев пікір білдіріп, министрлік жүргізген тексеру мен зерделеу жұмыстарының нәтижелері туралы мәлімдеген еді.
Соңғы жаңалықтар