Сәбит Әбдіхалықов: «Өмір бойы рөл ойнап келемін...»

Белгілі актер, театр және кино режиссері Сәбит Әбдіхалықов 52 жасқа толуына орай әлеуметтік желіде жүрекжарды жазбасын жариялады, деп хабарлайды POLITICO.KZ.
Өнер иесі бұл күнді жай ғана туған күн емес, өткенге шүкіршілік етіп, болашақтан жақсылық күтуге арналған ерекше сәт деп бағалады.
«52 жас. Бір рөл – өзім. Сахна – өмір. Сценарий – Алланыкі. Бүгін өмірімнің келесі пердесі ашылды. Өмір бойы өз болмысымнан айнымай, тек шынайы рөлімді ойнап келемін», – деп жазды ол.
Әртіс өз шығармашылық жолына тоқталып, сатира мен театрдағы, кино мен мультфильм саласындағы еңбектерін атап өтті. Сондай-ақ «Назар» театрын ашуы – оның жан дүниесінің айнасы екенін жеткізді.
«Көрермен жүрегіне жеткен бір тамшы ой – мен үшін ең қымбат баға. Жалғыз тілегім – Алла қуатымды, жігерімді, шабытты ала көрмесін. Балаларымды аман-есен ер жеткізіп, өнерімді адал жалғастыруға мүмкіндік берсе болды», – деді актер.
Сәбит Әбдіхалықов алдағы жылдары жаңа қойылымдар мен фильмдер ұсынуға ниетті екенін айтып, оқырмандарына алғысын білдірді.
Соңғы жаңалықтар





