Сәрсемәлиев қылмысты қалай жоспарлағанын сотта айтып берді
Атырау облысының мамандандырылған ауданаралық қылмыстық істер жөніндегі сотында бір отбасының төрт мүшесінің өліміне қатысты атышулы іс қаралып жатыр. Сот отырысында тергеу барысында түсірілген бейнежазбалар көрсетіліп, онда айыпталушы Сұлтан Сарсемәлиев қылмыстың қалай жасалғанын егжей-тегжейлі баяндады., деп хабарлайды Politico.kz.
Сотта көрсетілген тергеу экспериментінің бейнежазбасында Сұлтан Сарсемәлиев қылмысты алдын ала жоспарлағанын айтты. Оның сөзінше, алдымен сарайға барып өзіне қол жұмсамақ болған. Алайда кейін райынан қайтып, жұбайы мен балаларын өзінен айырмау үшін әйелінің туыстарын өлтіруге шешім қабылдаған.
Айыпталушы қылмыстан кейін барлық әрекетін алдын ала ойластырғанын мәлімдеді. Оның айтуынша, ол жәбірленушілердің банк қосымшаларына қол жеткізуді, коммуналдық төлемдерді уақытылы төлеп, үйде адамдар тұрып жатқандай көрініс жасауды көздеген.
Сарсемәлиев тергеуде үйдегі су, газ және электр есептегіштерінің көрсеткіштерін жазып алғанын, кейін оларды марқұм Наурыз Мұқанғалиевтің атынан жіберіп отырғанын айтты. Ал коммуналдық төлемдерді қайын атасы Максот Қарабалиннің интернет-банкингі арқылы төлеген.
Тергеу нұсқасына сәйкес, айыпталушы марқұмдардың үйінен үш жеке куәлік, үш банк картасы, екі алтын сақина, шамамен 60–70 мың теңге және банк карталарының құпиясөздері жазылған қағазды алып кеткен. Сондай-ақ қайын енесінің батырмалы ұялы телефонын да иемденген.
Бұдан бөлек, Сарсемәлиев банк қосымшаларын өз телефон нөміріне тіркеп, SMS арқылы растау қызметіне қол жеткізген. Тергеу мәліметінше, кейін ол мемлекеттік сервистер арқылы марқұмдардың зейнетақысы мен жәрдемақысын басқа шоттарға аударып отырған.
Іс материалдарына сәйкес, қылмыстан кейін айыпталушы жұбайы Ақбаян, үш жасар қызы және жұбайының әпкесі Мейрамгүлмен бірге Ташкентке кетуді жоспарлаған. Алайда көп ұзамай Мейрамгүлді де өлтіріп тастаған.
Тергеу дерегінше, отбасының жоғалып кеткені тек 2026 жылдың қаңтарында белгілі болған. Себебі сол кезде коммуналдық төлемдер тоқтап, туыстары мен полиция із-түзсіз жоғалған отбасы мүшелерін іздей бастаған.
Соңғы жаңалықтар