Саяқ станциясында алып балка теміржолға құлады

Саяқ станциясында алып балка теміржолға құлады
15.08.2025 10:47
0
168
Сурет: Бейнеден кадр

Қарағанды облысындағы Саяқ теміржол станциясында төтенше жағдай орын алды, деп хабарлайды POLITICO.KZ саяси-әлеуметтік порталы.

Жол өтпесі құрылысы кезінде алып балка опырылып, теміржолға құлаған. «Қазақстан темір жолы» АҚ бұл ақпаратты растағанымен, оқиғаның 12 тамызда болғанын және құрылыс жұмыстарына жеке мердігер компания жауапты екенін мәлімдеді. Әлеуметтік желілерде зардап шеккендер бар деген ақпарат тарағанымен, ресми орындар мұны әзірге растаған жоқ.

Оқиға туралы алғашқы ақпарат «ПИСЬМА ПРЕЗИДЕНТУ» Telegram-арнасында жарияланып, онда Саяқ станциясында балканың сынуынан адамдар зардап шеккені айтылған еді. Алайда, «ҚТЖ» баспасөз қызметі CMN.KZ тілшісіне берген түсініктемесінде жағдайды нақтылады. Олардың мәліметінше, оқиға 12 тамызда «ТЖЖ» ЖШС жүргізіп жатқан автокөлік жол өтпесінің құрылысы кезінде болған. Компания сондай-ақ құрылысқа жұмылдырылған жұмысшылардың «ҚТЖ» қызметкерлері емес екенін баса айтты.

Көліктегі полиция департаментінің мәліметінше, еңбек қауіпсіздігі ережелерін бұзу фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Қарағанды облысының денсаулық сақтау басқарсының дерегінше, бір зардап шегуші жансақтау бөлімінде жатыр. Тағы үшеуі ауруханаға жатудан бас тартқан.

Саяқ станциясы бұған дейін де төтенше оқиғалармен күн тәртібіне енген. 2023 жылдың қыркүйегінде дәл осы станцияда жүк пойызының вагондары рельстен шығып кетіп, елеулі оқиға тіркелген болатын. Қуанышқа орай, ол кезде адам шығыны болмаған еді.

Саяқ – жай ғана теміржол станциясы емес, Қарағанды облысындағы станция, кент және ірі кен орнын біріктіретін маңызды өнеркәсіптік-әлеуметтік кешен. 

Пікірлер (0)
Здесь пока ничего нет
Пікір қалдырыңыз
Войдите, чтобы оставить комментарий