Семейде жаңа туған нәрестесін өлтірген экс-полицейлерге қатысты үкім күшіне енді
Жаңа туған сәбиін қоқыс жәшігіне тастап, суықта өлуіне себеп болған бұрынғы полицей өмір бойына бас бостандығынан айырылды. Ал баланың анасы рақымшылықпен жазадан босатылды. Абай облысының прокуратурасы сот үкімінің заңды күшіне енгенін хабарлады, деп жазады Politico.kz.
Қайғылы оқиға биыл ақпанда Семейде болған. Ломоносов көшесіндегі қоқыс жәшігінен сүлгіге оралған, кіндігі өңделмеген нәрестенің денесін өтіп бара жатқан адам тауып алған.
Кейін сәбидің ата-анасы полиция қызметкерлері екені анықталды. 20 жастағы әйел үйінде босанып, баланы әкесіне берген. Ал патрульдік полиция инспекторы болып қызмет еткен ер адам нәрестені қоқыс жәшігіне тастап кеткен.
Баланың анасы нәрестенің өлі туғанын айтқан. Алайда сот-медициналық сараптама оның сөзін жоққа шығарды. Сәби тірі әрі айы-күні жетіп туған. Ол суықтан көз жұмған.
Қазанда сот ер адамды Қылмыстық кодекстің 99-бабының 3-бөлігі (Жас баланы өлтіру) бойынша кінәлі деп танып, өмір бойына бас бостандығынан айырды. Бұл бапта бұдан өзге жаза қарастырылмаған.
Ал әйел ҚК-нің 100-бабы (Жаңа туған баланы анасының өлтіруі) бойынша екі жылға сотталғанымен, рақымшылыққа ілігіп, жазасын өтеуден босатылды. Аталған бапта ең ауыр жаза – төрт жылға бас бостандығынан айыру.
Екеуі де полициядағы арнаулы шендерінен айырылды.
Осы үкім енді заңды күшіне енді.
Соңғы жаңалықтар