"Сендер ешкімге керек емессіңдер": Ресейдің қолына түскен украиналық балалар не көрді

Ресейдің қолына түскен украиналық балалар не көрді: тірі куәгерлердің әңгімесі
Украина мен Ресей арасындағы қақтығыс оты тұтанғалы үш жылдан асты. Сол уақыт ішінде мыңдаған бала тағдырдың тәлкегіне түсіп, бөтен елдің топырағында бөгде тіл мен тәртіпке көнуге мәжбүр болды. Киев билігінің мәліметінше, бүгінде 20 мыңнан астам баланың жеке дерегі белгілі. Соның ішінде 1300-ден аса бала отанына оралды. Олар лагерлерде де, тергеу изоляторларында да, бөтен біреудің отбасында да болған. Олардың бастан кешкендерін РБК-Украина басылымы жариялады.
Ильяның оқиғасы
Мариуполь қаласынан шыққан Илья соғыс басталғанда небәрі 10 жаста еді. Бір күні көршісінің үйінде болған кезінде жарылыс болып, аяғынан ауыр жарақат алады. Анасы сол жерде қаза тапқан.
"Анамның қимылсыз жатқан денесін көрдім. Көршіміз тамырын ұстап көріп, тыныс алмай тұрғанын айтты", – дейді Илья.
Оны Донецкке жеткізіп, ауыр ота жасайды. Бірақ наркозсыз. Кейін ресейлік телеарналар бұл баланы үгіт-насихат құралына айналдырып, орыс тілінде жазуға, сөйлетуге тырысқан.
"Бір күні дәрігер келіп: Сен енді Слава Украине емес, Слава Украине в составе России деп айтасың деді", – дейді Илья.
Алайда бала бұған көнбеген. Немересін теледидардан көріп таныған әжесі, оны іздеп тауып, Украинаға алып қайтқан.
Владтың оқиғасы
Владты ресейлік әскери күштер күштеп алып кеткен. Ол түрлі лагерьлерде болып, күн сайын Ресейдің әнұранын айтуға мәжбүр болған.
"Бір күні өз іш киімімді алып, оны ресейлік тудың орнына іліп қойдым", – дейді Влад.
Бұл әрекеті үшін ол бес күн бойы изоляторға қамалады. Кейін Қырымнан Краснодарға, одан соң әскери академияға жеткізіледі. Анасы оны іздеп келгенде, әйелге "диверсияға қатысы бар" деген жала жабылған.
Владислав Буряктың оқиғасы
Мелитопольдік 16 жастағы Владислав эвакуациялық көлікпен кетіп бара жатқанда ұсталады. Телефонынан украин жаңалықтарын оқып отырғаны үшін оған автомат кезеліп, тұтқынға алынады. Үш ай бойы жер асты бөлмеде қамалған.
"Қасымдағы камерада бір ер адамды төбеге қолынан іліп, астына шелек қойған. Бәрі қан. Бұл көрініс көз алдымнан кетпейді", – дейді ол.
Қырым мен Ресейдің өзге аймақтарындағы балалар лагерлерінде украин тілінде сөйлеуге үзілді-кесілді тыйым салынған. Астахов есімді күзетші балаларды күнде қорқытып, Украина туын отқа жаққан.
"Бізді итке ұқсатып тамақтандырды. Астының дәмі жоқ, қарын аш жүреміз", – дейді Виталик атты бала.
Қыз балалар да зорлық пен қорлық көрген. Біреуі: "Онда ешкім сенен сұрамайды – барлығы мәжбүрлі түрде жасалады" деп еске алады.
Көп жағдайда балаларға: "Ата-аналарың сендерден бас тартқан, сендер ешкімге керексіңдер" деген жалған сенім сіңірілген. Уақыт өте бұл сөздерге сеніп қалғандар да болған.
Кейбір балалар Ресейдің алыс түкпірлеріндегі отбасыларға асырап алуға берілген. Олардың аты-жөні, туған жері өзгертіліп, жаңа өмір сыйлағандай болған. Бірақ қорқыныш санадан кетпейді.
"Олар түнде бөлмелерін ішінен құлыптап жататын. Бізден үркетін", – дейді.
Соңғы жаңалықтар





