Шалқарда 17 жастағы жасөспірімнің өліміне байланысты тағы екі адам ұсталды
Шалқар қаласында 17 жастағы жасөспірімнің қаза болуына қатысты іс бойынша тағы екі күдікті ұсталды, деп хабарлайды Politico.kz "Диапазонға" сілтеп.
Қайғылы оқиға қоғамда үлкен резонанс тудырып отыр.
17 жастағы Әлихан Жәнібек 20 наурызға қараған түні кәмелетке толмағандар арасындағы топтық жанжал кезінде қаза тапқан. Туыстарының айтуынша, бұл «аудан-аудан» арасындағы төбелес болған.
Жасөспірім кеуде тұсынан пышақ жарақатын алып, оқиға орнында көз жұмған.
Полиция департаменті аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалғанын хабарлады. Жанжалға қатысқан барлық тұлғалар анықталып, полиция бөліміне жеткізілген. Олардың әрекеттеріне заң аясында құқықтық баға берілетін болады.
Кейінірек кісі өлтірді деген күдікпен Шалқар қаласының 18 жастағы тұрғыны ұсталғаны белгілі болды.
21 наурызда марқұмның әкесі Жәнібек Әлиманов облыс әкіміне, прокурорға және полиция департаментінің басшысына жүгінді. Оның айтуынша, жанжалға екі тараптан 14–15 жасөспірім қатысқан, алайда тек бір адам ғана ұсталған.
Ол қалған қатысушылардың әрекеттеріне де құқықтық баға беруді және істі жан-жақты тергеуді талап етті.
26 наурызда полиция департаменті істің ҚР Қылмыстық кодексінің «кісі өлтіру» және «топпен жасалған бұзақылық» баптары бойынша тергеліп жатқанын мәлімдеді.
Қазіргі уақытта үш күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды. Сонымен қатар, оқиғаның куәгерлері мен басқа да қатысушылар анықталған.
Қылмысты тергеу үшін тәжірибелі тергеушілер мен жедел қызметкерлерден арнайы жедел-тергеу тобы құрылған.
Іс облыстық полиция департаментінің қарауына беріліп, тергеу барысы басшылықтың ерекше бақылауына алынған.
Шалқардағы жасөспірімнің өлімі қоғамда алаңдаушылық туғызды. Құқық қорғау органдары барлық кінәлілер заң алдында жауап береді деп мәлімдеді.
Соңғы жаңалықтар