Ақтөбе облысында болған төбелестен жасөспірім көз жұмды
20 наурызға қараған түні Ақтөбе облысы Шалқар қаласында жасөспірімдер арасында төбелес болған. Төбелес салдарынан 17 жастағы жасөспірім көз жұмды, деп хабарлайды Politico.kz.
«Диапазон» басылымының жазуынша, 17 жастағы Әлихан пышақ жарақатын алып, көз жұмды.
Ол өткен жылы мектепті тәмамдап, уақытша жұмыс істеп жүрген, әскерге баруға дайындалып, кейін жоғары оқу орнына түсуді жоспарлаған.
«Төбемізден жай түскендей болды. Әлихан өте пысық, адамдармен тез тіл табыса білетін, науқас әжесіне ерекше қамқорлық танытатын. Бойы ұзын, келбетті еді. Ол әскерде қызмет етіп, білімін жалғастырып, отбасына қолдау көрсетуді армандайтын. Ал қазір біз оны ақтық сапарға шығарып салуға бара жатырмыз. Әлихан отбасындағы ортаншы бала еді. Оның ағасы және қарындасы бар. Біздің қандай күй кешіп отырғанымызды сөзбен жеткізу мүмкін емес», – деді Әлиханның тәтесі.
Ақтөбе облысы полиция департаменті жасөспірімнің өлімімен аяқталған төбелес бойынша қылмыстық іс қозғалғанын хабарлады.
Жанжалға қатысқан барлық тұлғалар анықталып, полиция бөліміне жеткізілді.
«Оқиғаға қатысы бар барлық адамдардың әрекеттеріне заңнамаға сәйкес құқықтық баға беріледі. Тергеу барысы полиция департаменті басшысының бақылауында. Кінәлі тұлғалар заңда белгіленген тәртіппен жауапқа тартылады», - делінген полиция хабарламасында.
Полицейлер ұсталғандардың жасы 17-де екенін атап өтті.
Соңғы жаңалықтар