Шалқардағы жасөспірім өлімі: 17 жастағы Алиханды өлтірген студентке сот үкімі шықты
Ақтөбе облысының Шалқар қаласында жаппай төбелес кезінде 17 жастағы Алихан Жәнібектің қаза болуына қатысты сот үкімі шықты, деп хабарлайды Politico.kz.
Сот 18 жастағы студентті кінәлі деп танып, 9 жылға бас бостандығынан айырды.
Қайғылы оқиға 20 наурызға қараған түні Шалқардағы «Маяк» және «Рабочий» аудандарының жастары арасындағы жанжал кезінде болған.
Сот материалдарына сәйкес, бұған дейін екі топ арасында жанжал болып, «Маяк» тобының бірнеше жасөспірімі жарақат алған. Осыдан кейін Оралдан Шалқарға келген студент таныстарымен бірге «Рабочий» ауданына барған. Олар сол жерге студенттің анасына тиесілі көлікпен барған.
Кездесу соңы жаппай төбелеске ұласқан. Сол кезде 17 жастағы Алиханның кеуде тұсына пышақ жарақаты түсіп, ол оқиға орнында көз жұмған.
Сотта 18 жастағы айыпталушы өз кінәсін мойындамаған. Ол өзіне бірінші болып шабуыл жасалғанын айтып, өзін қорғағанын мәлімдеген. Алайда сот бұл уәжбен келіспеді.
Марқұмның ата-анасы соттан қатаң жаза тағайындауды сұраған. Әкесі 20 жыл бас бостандығынан айыруды талап етсе, анасы моральдық және материалдық шығынды толық өтеуді сұраған.
Сот үкім шығару кезінде сотталушының қылмыс жасалған уақытта кәмелетке толмағанын ескерген. Нәтижесінде оған 9 жыл бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.
Сонымен қатар, сотталушы марқұмның әр ата-анасына моральдық зиян үшін 15 миллион теңгеден, сондай-ақ 2 миллион теңгеден астам материалдық шығын мен адвокат қызметіне кеткен қаражатты өтеуге міндеттелді.
Соңғы жаңалықтар