Шалқардың экс-әкімі соттан құтыламын деп алаяққа алданып қалды

02.08.2026 15:17 Қарақат АСЫЛОВА
Шалқардың экс-әкімі соттан құтыламын деп алаяққа алданып қалды
316
Ашық дереккөз

Ақтөбеде сот өзін заңгер ретінде таныстырған әйелді алаяқтық жасағаны үшін алты жылға бас бостандығынан айырды, деп хабарлайды Politico.kz агенттігі “Диапазон” басылымына сілтемемен.

Тергеу мәліметінше, ол бұған дейін төрт жылға бас бостандығын шектеу жазасына кесілген Шалқар қаласының бұрынғы әкімінен сот үкімін өзгертіп, ақтап шығарамын деп 4 млн теңге алған.

Іс материалдарына сәйкес, әйел бұрынғы әкімге ақтау үкімін шығаруға ықпал ете алатынын айтып, қызметі үшін жалпы 8 млн теңге сұраған. Ер адам оның айтқанына сеніп, ақшаның жартысын қолхатсыз және келісімшартсыз берген. Кейін күдікті мәселенің шешіліп жатқанын айтып, оң нәтиже шыққаннан кейін қалған соманы төлеуді сұраған. Алайда уәде орындалмаған.

Тергеу барысында бұл күдіктінің жалғыз алаяқтық әрекеті емес екені анықталды. Ол сыбайласымен бірге азаматтарға кейін сатып алу құқығымен мемлекеттік жалдамалы тұрғын үй бағдарламасы арқылы пәтер алып береміз деп жалған уәде берген.

Жәбірленушілердің біріне Астанадағы бірнеше тұрғын үй кешенінен төрт пәтер рәсімдеп береміз деп сендіріп, 47 млн теңге алған. Алайда ешқандай пәтер берілмеген. Осыған ұқсас тәсілмен тағы бірнеше адам алданған.

Сот 54 жастағы Қаламқас С.-ны алаяқтық жасағаны үшін кінәлі деп танып, алты жылға бас бостандығынан айырды. Оның сыбайласы Ақбота Т. да алты жылға сотталды. Кәмелетке толмаған баласының болуына байланысты оның жазасын өтеу мерзімі үш жылға кейінге қалдырылды.

Сондай-ақ сот сотталғандарды жәбірленушілерге келтірілген материалдық шығынды толық өтеуге міндеттеді.

Войдите, чтобы оставить комментарий