Шавкат Рахмоновтың бұрынғы әйелі бес жылға сотталатын болды
Жамбыл облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты азаматша Гүлайым Рахмоноваға қатысты абайсызда екі адамның өліміне әкеп соққан жол-көлік оқиғасы бойынша істі қарады, деп хабарлайды Politico.kz.
Сот анықтағандай, 2025 жылғы 27 шілдеде таңғы сағат 08:30 шамасында Рахмонова Мойынқұм ауданындағы «Алматы–Екатеринбург» тас жолында «Toyota Land Cruiser» көлігін шаршаған күйде басқарып, жол ережесін бұзған. Ол көлікті басқара алмай, қарсы жолаққа шығып кетіп, нәтижесінде көлік аударылған.
Апат салдарынан екі жолаушы – сотталушының досы мен әпкесі алған ауыр жарақаттарынан көз жұмды. Сотталушының өзі ауруханаға жеткізілген.
Сот оның кінәсі куәгерлердің айғақтарымен, сараптама қорытындыларымен және басқа да дәлелдермен толық дәлелденгенін көрсетті. Прокурор 5 жылға бас бостандығынан айыруды, 7 жылға көлік жүргізу құқығынан айыруды және жазаны 5 жылға кейінге қалдыруды сұрады. Жәбірленушілер сотталушыны кешіріп, қатаң жаза тағайындамауды өтінген, ал сотталушы өз кінәсін мойындамаған.
Сот үкімімен Гүлайым Рахмонова кінәлі деп танылып, оған 5 жылға бас бостандығынан айыру және 7 жылға көлік жүргізу құқығынан айыру жазасы тағайындалды. Алайда оның кәмелетке толмаған 4 баласының болуына байланысты жаза 5 жылға кейінге қалдырылды.
Үкім заңды күшіне енген жоқ.
Соңғы жаңалықтар