Шайдоровқа Олимпиадағы жеңісі үшін төрт айдан кейін сыйақы төленді
Шайдоров пен оның жаттықтырушыларына Олимпиададағы жеңісі үшін ақшалай сыйақы төленді, деп хабарлайды Politico.kz.
Үкімет 2026 жылғы қысқы Олимпиада ойындарының жеңімпазы Михаил Шайдоровқа және үздік алты спортшының қатарына енген Надежда Морозоваға сыйақы төлеу туралы қаулы қабылдады.
Қаулыға сәйкес, үкімет резервінен спортшылар мен олардың жаттықтырушыларына төлемдер үшін қаражат бөлінді. Барлығы екі спортшы және бес жаттықтырушы сыйақы алды.
2026 жылғы Қысқы Олимпиада ойындарында жеңіске жеткені үшін Шайдоров 250 000 доллар (шамамен 122 347 500 теңге) алады. Морозова 5000 доллар (2,5 миллион теңге) алады.
Сонымен қатар Олимпиада жүлдегерлеріне жергілікті атқарушы органдар тарапынан қосымша қолдау көрсетіледі. Атап айтқанда, әкімдіктер спортшыларға жергілікті коммуналдық тұрғын үй қорынан тегін пәтер береді.
Михаил Шайдоров 2026 жылғы 14 ақпанда Қазақстан тарихында тұңғыш рет мәнерлеп сырғанау спортынан Олимпиада чемпионы атанды.
Еске сала кетейік, бұған дейін Михаил Шайдоров Миланда өткен Олимпиада ойындарындағы жеңісінен кейін осы уақытқа дейін жалақы алмағанын және дәрігерсіз қалғанын мәлімдеген еді.
Кейінірек спортты дамыту дирекциясы жағдайды түсіндіріп, спортшының тиесілі төлемдерін жақын арада алатынын хабарлады.
Алайда арада көп уақыт өтпей, Шайдоров тағы бір мәлімдеме жасап, «өз есімінің түрлі алыпқашпа әңгімелер мен негізсіз айыптауларға араластырылуына жол бермейтінін» жеткізді.
Кейін Туризм және спорт министрлігі Михаил Шайдоровтың командасымен келісімшартқа қол қойылғанын мәлімдеді.
Соңғы жаңалықтар