Шетелдік инвесторларды қолдап, өз өндірушілерімізді тұншықтырып алмайық – депутат
Құрылтай депутаты Бекжан Айтқұлов шетелдік инвесторларға салық жеңілдіктерін берерде отандық кәсіпорындардың мүддесін ескеруді ұсынды, деп хабарлайды Politico.kz.
«Respublica» фракциясының мүшесі бұл ұсынысын Премьер-министрдің бірінші орынбасары Нұрлыбек Нәлібаевқа жолдаған сауалында айтты. Оның сөзінше, сол салада мемлекеттік қолдаумен дамып, жалпыға бірдей салық режимінде жұмыс істейтін қазақстандық кәсіпорындардың бәсекеге қабілеттілігі ескерілуі керек.
«Шетелдік инвесторларға жағдай жасаймыз деп өз өндірушілерімізді тұншықтырып алмауымыз қажет», – деді Бекжан Айтқұлов.
Депутат арнайы экономикалық аймақтарға жұмсалған бюджет қаражаты мен берілген жеңілдіктердің қайтарымы жоғары болуы тиіс екенін жеткізді. Ол Қасым-Жомарт Тоқаевтың Үкіметтің кеңейтілген отырысында бұл аймақтардың қазіргі жұмыс тәсілі өзін толық ақтамағанын айтқанын еске салды.
Ширек ғасырда олардың жалпы ішкі өнімдегі үлесі 1%-дан сәл асқан, экспорттағы үлесі 0,6%, шетелдік инвестиция тартудағы үлесі 0,9% болған. Елдегі 18 арнайы экономикалық және 69 индустриялық аймақта 900 жоба жүзеге асырылып, 7,5 трлн теңгеден астам жеке инвестиция тартылған, 59 мыңнан астам жұмыс орны ашылған.
Айтқұлов мемлекеттік органдардың жұмысын ашылған кәсіпорын санымен емес, нақты экономикалық нәтижесімен бағалауды ұсынды. Бұл талап аймақтардың ішіндегі де, сыртындағы да өнеркәсіп орындарына қатысты, ал әкімдіктер бюджетке салынған әрбір инфрақұрылымның қайтарымы туралы есеп беруі тиіс.
Депутат мемлекеттік қолдауды толық алып, кейін тоқтап қалған кәсіпорындарды қайта іске қосу үшін арнайы комиссия құруды сұрады. Жүктемесі төмен аймақтарды зерттеп, оларда жұмыс істеуге рұқсат етілетін экономикалық қызмет түрлерін, яғни ОКЭД тізімін кеңейту рәсімін жеңілдетуді ұсынды.
Оның пікірінше, жобасы тізімде жоқ деген себеппен дайын инвесторды кері қайтармау керек. Жаңа қызмет түрлерін қысқа мерзімде енгізетін түсінікті әрі ашық тәртіп қажет.
Сондай-ақ арнайы экономикалық аймақтарда соңғы 3 жылда тіркелген жаңа қатысушылардың жеңілдіктерін кемінде 5 жылға ұзарту мүмкіндігін қарастыру ұсынылды. Өңдеу өнеркәсібіне қажетті инфрақұрылымның экономикалық және өндірістік тұрақтылығын қамтамасыз ету де сауалда көтерілді.
Айтқұловтың айтуынша, ешбір мемлекет барлық өндіріс саласында бірдей технологиялық әрі бәсекеге қабілетті көшбасшы бола алмайды. Сондықтан ол Ұлттық экономикалық зерттеу институты аясында өңдеу өнеркәсібінің басым салаларын айқындайтын, арнайы аймақтарды жүйелі дамытуға арналған бірыңғай мемлекеттік тұжырымдама әзірлеп, бекітуді ұсынды.
Соңғы жаңалықтар