Шиеліде 16 жастағы оқушыны өлтіріп, суға тастаған жігіт 20 жылға сотталды
Қызылорда облысының Шиелі ауданында 16 жастағы Балсұлу Өмірзақты өлтірген 22 жастағы жігіт 20 жылға бас бостандығынан айырылды. Тиісті үкімді облыстық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты шығарды, деп хабарлайды Astana.tv.
Сотталушы 10-сынып оқушысын сыммен қылқындырып, мәйітін су арнасына ағызып жіберген. Жасөспірімнің жалаңаш денесі каналдан табылған болатын.
Адам өліміне қатысты іс бойынша 2004 жылы туған жергілікті тұрғын айыпталды. Ол отбасылы, бұған дейін қылмыстық жауапкершілікке тартылмаған.
Тергеу барысында оның кінәсі заттай айғақтармен және сараптама қорытындыларымен толық дәлелденді. Айыпталушы соңғы сөзінде қылмысын мойындап, марқұмның жақындарынан кешірім сұраған.
Сот шешімімен ол жасөспірімнің анасына материалдық шығын төлеуге міндеттелді.
«ҚК 99-бабының 2-бөлігі 14-тармағымен (кәмелетке толмаған адамды өлтіру) кінәлі деп танылып, 20 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалсын. Жазасын қылмыстық атқару жүйесінің орташа мекемелерінде өтеу белгіленсін. 10 млн теңге моралдық шығын, тиісінше арыз берілген сәттегі е.к. бөлігінен мемлекеттік кіріске 2162 теңге мемлекеттік баж өндірілсін», – деді Қызылорда облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының судьясы Думан Әлиев.
Соңғы жаңалықтар