Шұғыл шешім. Үкімет бір түнде не өзгертті?

Шұғыл шешім. Үкімет бір түнде не өзгертті?
17.10.2025 11:32
0
250
Фото: jambylinfo.kz

Қазақстанда бензин шарықтап, коммуналдық тарифтер көтеріліп, салық жүйесі бизнеске тұсау салып, азық-түлік бағасы базарда бәйге алып тұр еді. Жұрт көмек сұрап шырылдады. Халық үні Ақордаға жетіп, Президент Олжас Бектеновты қабылдады. Үкіметке 48 сағат беріп, "халықтың әлеуметтік жағдайын қалыпқа келтіріңдер" деді. Мемлекет басшысының пәрмен бергені сол-ақ екен, бір түнде бәрі өзгерді, деп хабарлайды POLITICO.KZ.

48 САҒАТТАҒЫ РЕФОРМА

Бензин, коммуналдық төлем бағасының өсуіне тыйым салынды. Мораторий енгізілді. Бүгіннен бастап АИ-92 маркалы бензин мен дизель отынының бағасын көтеруге жол берілмейді. Коммуналдық қызмет тарифтері өспейді. Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасы қатаң бақылауға алынады. Осы мақсатта отандық ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерді қаржыландыру көлемі екі есе ұлғайтылады. Шағын және орта бизнесті қолдау мақсатында бірқатар жеңілдік бар. Салықтық, камералдық бақылау алынып тасталады. ҚҚС  бойынша есепке қою шегінен асқан салық төлеушілер әкімшілік жауапкершілікке тартылмайды. Тұрғын үй-құрылыс жинақ жүйесін қолдау шешімі қабылданды. «Әскери баспана» бағдарламасы қайта іске қосылады. 
Бектеновтың батыр шешімі – осы. Ендеше "сенсациялық реформаларға" шолу жасайық.

БЕНЗИН БАҒАСЫ ШЫНЫМЕН ҚЫМБАТТАМАЙ МА?

Бір ай бұрын халық бензин құнын көріп, көлік мініп жүргеніне өкінген еді. АИ-92 – халық "жанымен" төлейтін жанармайға айналды. Біреулер такси бағытын қысқартты, біреулер көлікті мүлде тоқтатып қойды. Енді 2025 жылдың 16 қазанынан бастап АИ-92 мен дизель отынына баға көтеруге тыйым салынды. Мораторий жарияланды. Қашанға дейін дейсіз ғой? Инфляция бір қалыпқа келгенше ешкім жанармай құнын қымбатата алмайды.

«Мемлекет басшысының әлеуметтік жағдайды тұрақтандыру бойынша берген тапсырмаларына сәйкес барлық жұмыстар жүргізілуде. Ең алдымен жанармай бағасының көтерілмеу мәселесін қарастырып жатырмыз. Бүгіннен бастап мораторий жарияланады. Энергетика министрлігі Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігімен және өңір әкімдіктерімен бірлесіп тиісті жұмыстарды жүргізуде. Сонымен қатар электр энергиясы, жылу саласындағы тарифтердің де көтерілмеуін қадағалаудамыз. Жұмыс бірнеше бағытта жүргізілетін болады – бұл ішкі шығындарды оңтайландыру және көмірдің тұрақты бағасын, сондай-ақ теміржол тарифтерін қамтамасыз ету. Жақын арада коммуналдық қызметтер тарифтерін көтеруге мораторий жарияланады. Бұның барлығы Президенттің берген тапсырмасына сәйкес жүзеге асады», — деді энергетика вице-министрі.

СУ, ЖАРЫҚ, ЖЫЛУ БАҒАСЫ ТҰРАҚТАЛАДЫ

Коммуналдық төлемдер бұған дейін айтарлықтай қымбаттаған. Мәселе 2023 жылы басталып еді. Екі жыл бұрын "тарифтер әділ болуы керек", "инвестиция керек", "қызмет сапасын арттыру қажет" деген желеумен тарифтерді біртіндеп көтеру науқаны басталды. Солай бүгінге дейін жалғасты. Үкімет бұған қатысты да шешім қабылдады. 2026 жылдың І тоқсанына дейін тариф көтеруге мораторий бар. Бұған электр, су, жылу, кәріз, газ – бәрі кіреді. 

«Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Үкімет халықтың тұрмыс сапасын арттыруға, экономиканы жақсартуға бағытталған шаралар кешенін әзірледі. Бірінші кезекте 2026 жылдың бірінші тоқсанының соңына дейін тарифтердің өсуін тежеу мәселесі қозғалады. Біз электрмен, жылумен жабдықтау, сумен, кәріз және газбен жабдықтау сияқты коммуналдық қызметтер туралы айтып отырмыз. Бұл өмірлік маңызды салалар. Осы орайда біз аталған қызметтердің тиісті сапасын, барлық инвестициялық іс-шаралардың орындалуын және ТКШ инфрақұрылымының тұрақты, үздіксіз жұмысын қамтамасыз етеміз», — деді ұлттық экономика вице-министрі Асан Дарбаев.

САЛЫҚ КОДЕКСІНІҢ «ЖАҢА ТЫНЫСЫ»

Бұрынғыдай есеп-қисаппен әбігерге түскен шағын бизнес иелері үшін жақсы жаңалық. Салық жүйесі 2026 жылдан бастап "таза парақтан" басталады. 

Яғни: 

  • Тексеру жоқ
  • Камералдық бақылау жоқ
  • Сотқа сүйреу жоқ
  • Айыппұлдар кешіріледі (егер негізгі қарызды төлесең)

Қысқасы, Мәди Такиев "Біз бизнесті тұншықтырмай, дем бергіміз келеді" дейді. 

«Президенттің тапсырмасы бойынша Үкімет ағымдағы экономикалық реформалар аясында бірқатар шаралар әзірледі. Соның ішінде салықтық әкімшілендіру бойынша оңайлатылған декларация негізіндегі арнайы салық режимін қолдау үшін тек 44 қызмет түрін ғана тыйым салынған тізімде қалдырылды. Сондай-ақ 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап салықтық әкімшілендіру «таза парақтан» жүргізіледі. Бұл микро және шағын бизнеске қатысты келесі жайттарды көздейді: камералдық бақылау алынып тасталады, салықтық тексерулер жүргізілмейді, сот органдарына тіркеуді, қайта тіркеуді жарамсыз деп тану туралы талап-арыз беру тоқтатылады. Салықтар мен төлемдер бойынша салынған өсімпұлдар мен айыппұлдар 2026 жылдың 1 сәуіріне дейін негізгі қарыз өтелген жағдайда жойылады. ҚҚС бойынша есепке қою шегінен асып кеткен салық төлеушілер әкімшілік жауапкершілікке тартылмайды. Сондай-ақ салық төлеушілер үшін салық және әділет органдарында камералдық және салықтық тексерулер жүргізбей-ақ, оңайлатылған тәртіппен есептен шығару науқаны өткізіледі. Бұл жаңа Салық кодексін кезең-кезеңімен енгізуге және салық төлеушілер үшін салықтық әкімшілендіруді жеңілдетуге мүмкіндік береді», — деді ҚР қаржы министрі.

ПӘТЕР БАҒАСЫ ӨСПЕЙДІ, ИПОТЕКА КӨБЕЙЕДІ

Халық ипотекаға қол жеткізе алмай жатқанын естіген Үкімет, ипотека көлемін екі есе арттырмақ.500 млрд теңге қаражат бөлініп, "Наурыз" және "Наурыз-Жұмыскер" бағдарламалары іске қосылады. Бастысы, баспана маркет арқылы сатылатын пәтерлердің бағасы үш жылға дейін өспейді. Ал "Әскери баспана" бағдарламасы қайта жанданады. Ел қорғайтын азаматтар енді бір бөлмелі пәтерге кезекке 20 жыл тұрмайды деп уәде берді. Яғни, бұл шаралардың бәрі қабылданса, азаматтарға жеке баспана алуға мүмкіндік беретін бағдарламалар қатары кеңейеді. 

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың тапсырмасы бойынша Үкімет халықтың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған нақты шаралар қабылдады. Соңғы аптада азаматтарда ипотека рәсімдеу бойынша қиындықтар туындап жатқаны бәріңізге мәлім. Осыған байланысты Үкімет тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесін қолдау туралы шешім қабылдады. Келешекте халыққа баспана қолжетімді болуы үшін ипотекалық несие көлемі екі есе артты. Қараша айында “Наурыз" және “Наурыз жұмыскер” бағдарламалары басталады. Жалпы, 500 млрд теңге көлемінде несие беріледі. Бұған қоса, “Әскери баспана” бағдарламасы қайта іске қосылады. Осы бағдарламаның арқасында шамамен 7 мың әскери қызметкер дайын пәтер сатып ала алады. Барлық пәтер Баспана маркет платформасы арқылы сатылады. Пәтерлердің бағасы мемлекет бақылауында. Қазіргі таңда құрылыс компаниялары 36 айға дейін пәтер бағасын өсірмейтіні туралы алдын ала келісімшартқа отырады», — деді «Отбасы банк» АҚ басқарма төрағасы.

АЗЫҚ-ТҮЛІК АРЗАНДАЙ МА?

Соңғы кезде азық-түлік бағасы халықтың шымбайына тиген тақырыпқа айналды. «Тым қымбат» деген жұрт айлығын шайлығына жеткізе алмай, дал болғаны есте. Тапқан табысымызға тәбет тартқан тағамды емес, теңге жеткенін аламыз дегендер үшін де жақсы жаңалық бар. Президент тапсырмасынан кейін Бектенов бас көтеріп, әлеуметтік маңызы бар тауарлар бағасын тұрақтауға көшті. Арман Шаққалиев «бағаны негізсіз көтергендерді тауып, реттейміз» деп уәдесін де берді. 

«Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, Үкімет азаматтардың тұрмыс сапасын жақсарту және еліміздің экономикалық жағдайын тұрақтандыруға бағытталған бірқатар шараларды жүзеге асыруда. Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бағасын әрі қарай тұрақтандыру үшін берілетін қаржыны екі есе ұлғайтып, тұрақтандыру қорларының жұмысын күшейту жоспары бар. Аймақтағы комиссиялар негізсіз делдалдарды анықтап, бағаны көтеріп жіберетіндерді алып тастауға ерекше назар аударады. Ауылшаруашылығы министрлігімен бірлесіп, ай сайын өңірлерге тікелей сиыр етін жеткізу ұйымдастырылуда. Сонымен қатар отандық өндірушілер және сауда желілерімен бірге әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бойынша бөлшек сауда бағасын бекіту жөнінде өндірушімен меморандум жасалады. Осы бағыттағы жұмыстар жүйелі әрі жоспарлы түрде жалғасады», — деді ҚР сауда және интеграция министрі.

ШҰҒЫЛ ШЕШІМ ШИКІ ЕМЕС ПЕ?

Президент пәрмен берді. Үкімет бәрін жөндедік деп жария салды. Бірақ «бұл реформалар расымен жүзеге аса ма?» деген күдік әлі бар. Әзірге жауап жоқ. Бірақ 48 сағат ішінде жасалған реформалар пакеті бар.

Пікірлер (0)
Здесь пока ничего нет
Пікір қалдырыңыз
Войдите, чтобы оставить комментарий