Швейцариялық ұшақ апатты жағдайда Алматыға шұғыл қонды

06.05.2026 15:11 Әсел Мұрат
Швейцариялық ұшақ апатты жағдайда Алматыға шұғыл қонды
530
Фото: ашық дереккөз

Швейцарияның Swiss әуекомпаниясына тиесілі Airbus A350 ұшағы Қазақстан үстінен ұшып бара жатқанда төтенше жағдай туралы сигнал берді, деп хабарлайды Politico.kz.

Ұшақ 6 мамырда таңертең Сеулден Цюрихке бағыт алған. Шамамен 11 600 метр биіктікте экипаж борттан дабыл жіберген. 

Төтенше жағдай жарияланғаннан кейін ұшақ бағытын өзгертіп, Алматыға қарай бет алған.

Tages-Anzeiger басылымының мәліметінше, борт Алматы әуежайына еуропалық уақыт бойынша 9:48-де қонған. Қону сәтінен кейін ұшақ ұшу-қону жолағынан арнайы тұрақ аймағына жеткізілген.

Басылымның жазуынша, рейс бағытының өзгеруіне Airbus A350 әуе кемесінің екінші ұшқышының денсаулығының күрт нашарлауы себеп болған. Swiss International Air Lines әуе компаниясының бас директоры Йенс Фелингердің мәліметінше, бортта 227 жолаушы мен 14 экипаж мүшесі болған.

Жолаушылардың арасында үш дәрігер болған, олар екінші ұшқышқа дер кезінде медициналық көмек көрсеткен.

Осыдан кейін экипаж дәрігерлердің ұсынысын ескере отырып, бағытты өзгертіп, пилотқа жедел әрі қажетті медициналық көмек көрсету үшін Алматы қаласына қону туралы шешім қабылдаған.

Ұшақ Алматы әуежайына сәтті қонды. Қазіргі уақытта жолаушыларды Цюрихке ұшатын рейстерге орналастыру жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Қазақстанның құзырлы органдары бұл оқиғаға қатысты әзірге ресми түсініктеме берген жоқ.
 

Войдите, чтобы оставить комментарий