Шымкентте бірінші сынып оқушысына тиіскен мұғалім сотталды
Шымкентте бірінші сынып оқушысына тиіскені үшін 36 жастағы мұғалім сотталды. Сот оған 200 сағат қоғамдық жұмысқа тарту жазасын тағайындап, 6 миллион теңге өтемақы төлеуге міндеттеді, деп хабарлайды Politico.kz КТК телеарнасына сілтемемен.
Оқиға биыл ақпан айында қаладағы жекеменшік мектептердің бірінде болған.
Бірінші сыныпта оқитын қыз ата-анасына цифрлық сауаттылық пәнінің мұғалімі өзіне тиіскенін айтып берген. Ата-анасы мән-жайды анықтауға кіріскенде, болған жағдайдың мектептегі бейнебақылау камерасына түсіп қалғаны белгілі болған.
Осыдан кейін мұғалімге қатысты қылмыстық іс қозғалған. Бастапқыда ол жас балаларды азғындату бабы бойынша жауапқа тартылған. Алайда кейін іс қайта қаралып, айып жеңілірек жаза көзделген сексуалдық сипаттағы тиісу әрекеті бабына ауыстырылған.
Сот 36 жастағы мұғалімді кінәлі деп танып, 200 сағат қоғамдық жұмысқа тарту жазасын тағайындады.
Бұдан бөлек, сотталған мұғалім 3 миллион теңге моральдық зиян және 3 миллион теңге материалдық шығын үшін өтемақы төлеуге міндеттелді.
Айта кетейік, Алматыда лифтте кәмелетке толмаған қызға тиіскен ер адамға сот үкімі шықты.
Соңғы жаңалықтар