Қазақтың «Китанасы»: «Бүркітке» алғаш рет қыз қосылды
Бұған дейін тек ер азаматтар қызмет еткен Ұлттық ұланның «Бүркіт» арнайы жасағына алғаш рет қыз жауынгер қабылданды. «Китана» деген лақап атпен танылған Қымбат енді елдегі таңдаулы әскери бөлімшелердің бірінде қызмет етеді, деп хабарлайды Politico.kz.
Бұл туралы Ішкі істер министрлігінің Ұлттық ұланы хабарлады.
Қымбаттың арнайы жасаққа қабылдануына Дубайда өткен халықаралық SWAT Challenge жарысындағы өнері себеп болған. Ол Қазақстан атынан қатысқан «Томирис» қыздар командасының сапында бақ сынаған.
Жарыста қазақстандық қыздар әйелдер арасындағы бәсекеде бірінші орын алды. Ал жалпы командалық есепте 18-орынға тұрақтап, бірнеше ерлер командасын басып озды.
Сайыс кезінде мергендігімен көзге түскен Қымбатқа «Бүркіт» арнайы жасағының өкілдері қызметке келуді ұсынған. Ол ұсынысты қабыл алып, бөлімше тарихындағы алғашқы әйел жауынгер атанды.
Қымбаттың спорттағы жетістіктері де аз емес. Ол қоян-қолтық ұрыстан алты дүркін Қазақстан чемпионы, әлем чемпионатының күміс және екі қола жүлдегері. Сондай-ақ әлем кубогы, Еуропа және Азия чемпионаттарында күміс медаль жеңіп алған.
Джиу-джитсудан үш дүркін әлем және Азия чемпионы, екі дүркін Еуропа чемпионы атанған. Аралас жекпе-жектен (ММА) Қазақстан мен Азия чемпионы, жауынгерлік самбодан ел чемпионы әрі әлем чемпионатының қола жүлдегері.
Бұдан бөлек, Дүниежүзілік полиция ойындарында дзюдодан алтын, джиу-джитсудан күміс медаль алған. Қоян-қолтық ұрыс пен джиу-джитсудан халықаралық дәрежедегі спорт шебері, самбо және ММА-дан спорт шебері атағы бар.
Қазір Қымбаттың алға қойған келесі мақсаты – күрең беретке ие болу. Ол үшін жауынгердің дене дайындығы, төзімділігі мен қайсарлығы сыналатын күрделі сынақтан өтуі керек.
Егер осы сынақтан сүрінбей өтсе, Қымбат Ұлттық ұлан тарихында күрең берет алған алғашқы қыз жауынгер атанады.
Соңғы жаңалықтар