Шымкентте бұрынғы басшы пара алды деп айыпталуда
Шымкент қалалық соты қалалық обаға қарсы күрес станциясының бұрынғы басшысы Ералқасын Түктібайға қатысты қылмыстық істі қарауды бастады, деп хабарлайды Politico.kz порталы Bes.media-ға сілтеме жасап.
Сот материалдарына сәйкес, бұрынғы шенеунікке Қылмыстық кодекстің 366-бабы бойынша лауазымын пайдалана отырып ірі көлемде пара алды деген айып тағылған.
Тергеу болжамы бойынша, экс-басшы қарамағындағы қызметкерлерден бірнеше рет заңсыз ақша алған. Нақтырақ айтсақ, ол еңбек шарттарының мерзімін ұзартып беру үшін сыйақы талап еткен көрінеді.
Іс бойынша Ералқасын Түктібайдан бөлек тағы екі адам жауапқа тартылуда. Зубайра Бекжанова мен Ботакөз Шаймерденова есімді азаматтарға парақорлыққа делдал болды деген айып тағылып отыр.
Сот отырысы ашық режимде, қысқартылған тәртіппен және қазақ тілінде өтеді. Күдіктілер қамауға алынбаған, оларға қатысты ешқайда кетпеу туралы қолхат түріндегі бұлтартпау шарасы таңдалды. Судья істі тоқтатуға ешқандай негіз жоқ деп тапты.
Осы оқиғаға байланысты журналистер Денсаулық сақтау министрлігіне сауал жолдаған еді. Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитеті Ералқасын Түктібайдың биыл қаңтарда 63 жас, зейнет жасына толуына байланысты жұмыстан босатылғанын хабарлаумен шектелді. Ведомство қылмыстық істің жай-жапсары мен мекемедегі сыбайлас жемқорлыққа қатысты нақты жауап бермеді.
Айта кетейік, бұл аталған мекемедегі алғашқы шулы іс емес. 2024 жылдың мамыр айында осы станцияның директоры мен бас есепшісі пара беру және бюджет қаржысын жымқыру дерегі бойынша сотталған болатын. Биологиялық қауіпсіздікке жауап беретін стратегиялық нысанда мұндай жемқорлық деректерінің жиілеуі жүйелі мәселе бар екенін көрсетеді.
Соңғы жаңалықтар