Шымкентте көші-қон полициясының басшысы ұсталды деген ақпарат тарады

17.06.2026 20:32 Қарақат АСЫЛОВА
Шымкентте көші-қон полициясының басшысы ұсталды деген ақпарат тарады
206
Kozachkov Offside
Шымкентте тағы бір көші-қон полициясы қызметкері жемқорлық күдігіне ілікті

Шымкент қаласы Полиция департаментінің көші-қон қызметі басқармасы басшысының міндетін уақытша атқарушы Жеңіс Әуелбековтің ұсталғаны туралы ақпарат тарады, деп хабарлайды Politico.kz сайты "Kozachkov offside" Telegram каналына сілтемемен.

Тараған мәліметтерге сәйкес, оны Шымкент қалалық ҰҚК департаментінің Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл қызметкерлері делдал арқылы берілген 100 мың теңге қаражатты алу кезінде қолға түсірген. Ақпарат көздерінің хабарлауынша, бұл ақша Қытай азаматтарының құжаттарын рәсімдеуге жәрдемдесу үшін берілген.

Алайда аталған ақпаратқа қатысты құқық қорғау органдары әзірге ресми мәлімдеме жасаған жоқ.

Сондай-ақ бұған дейін Шымкент қаласының көші-қон қызметі басқармасының тағы екі жоғары лауазымды қызметкері жемқорлық істеріне байланысты жауапқа тартылғаны хабарланған. Атап айтқанда, басқарма басшысының бұрынғы орынбасары Нұрлан Сембаев алаяқтық бойынша кінәлі деп танылып, екі жылға бас бостандығынан айырылған. Ал 2024 жылдың сәуір айында көші-қон қызметінің бұрынғы басшысы Сұңғат Түгелбаев бірнеше рет пара алғаны үшін 7 жыл 6 айға сотталған болатын.

Войдите, чтобы оставить комментарий