Шымкентте қарияны өлтірген қылмыс, туыстары күдіктімен бұрын да жанжал болғанын айтты

11.09.2026 15:17 Қарақат АСЫЛОВА
Шымкентте қарияны өлтірген қылмыс, туыстары күдіктімен бұрын да жанжал болғанын айтты
453
Фото: Бейнеден кадр

Шымкентте 65 жастағы Хурсанбек Тұрсынқұловтың қазасынан кейін оның туыстары күдікті көршімен бұған дейін де бірнеше рет жанжал болғанын айтты, деп хабарлайды Politico.kz порталы КТК телеарнасына сілтемемен.

Марқұмның жаназасы күні кеше шығарылды. Туыстарының сөзінше, 39 жастағы көршісімен арада бұған дейін де тұрмыстық мәселелерге байланысты келіспеушіліктер туындап жүрген.

«Анадай қарбыз сатса, «сен мына жерге неге түсірдің» деп, одан да ұрыс шыққан. Өзінің үйі арғы бетте, бергі таман машинасын қойып, содан ұрыс шығып, ерегесіп жүрген. Ұрған, ұрғаннан кейін құлаған, ол құлағаннан кейін кеткен. Ары қарай жолдың ортасында барған да, түк болмағандай қайтып келіп, үйде тұрған кондиционерін қолтығына тығып, аспай саспай үйіне кіріп кетті», – деді марқұмның туысы Айниса Жаппарқұлова.

Бұған дейін жазғанымыздай, оқиға Шымкенттегі Хамза шағын ауданында болған. Көшедегі бейнебақылау камерасына түскен кадрларда көлігін көрші үйдің алдына қойған ер адамға үй иесінің ескерту жасағаны көрінеді.

Көп ұзамай екеуінің арасында жанжал басталған. Тергеу дерегіне сәйкес, 39 жастағы ер адам 65 жастағы көршісін ұрып құлатқаннан кейін оған тағы бірнеше рет соққы жасаған. Оқиға марқұмның 6 жастағы немересінің көзінше болған.

КТК мәліметінше, кейін күдікті көршісінің үйіне кіріп, сол жердегі кондиционерді алып кеткен.

Марқұмның көршілері де күдіктінің мінезіне қатысты өз пікірін айтты. Олардың бірі Бахадыр Исламов 39 жастағы Ділмұраттың ішімдік ішіп, есірткі қолданатынын мәлімдеді.

«Жақсы адам емес. Мінезі шатақ, былай айтқанда, қасақана арандатып, қалай айтсам екен, ішімдік ішеді, есірткі қолданады. Есірткісін тартып жүретін адам. Сол үшін көбісі онымен жақсы тұрмайды. Біраз адамды жерге қаратқан», – деді Бахадыр Исламов.

Көршісінің өлімінен кейін күдікті үйіне кіріп кеткен. Полицейлер оны баспананың шатырынан тауып, қамауға алған.

«Күдікті жедел түрде анықталып құрықталды. Оқиғаның мән жайын жан жақты әрі объективті анықтауға бағытталған тергеу жүргізіліп жатыр», – деді Шымкент қаласы ПД Криминалдық полиция басқармасы бастығының орынбасары Нұрлыбек Әлібекұлы.

Полиция тиісті сараптамалар тағайындаған. Олардың қорытындысы бойынша қылмыстық іс аясындағы құқықтық баға беріледі.

Сондай ақ күдікті тыйым салынған препараттарды қолданған болуы мүмкін деген нұсқа тексеріліп жатыр.

Қазір оқиға болған Хамза шағын ауданында полиция қызметкерлері кезекшілік атқарып жүр.

Войдите, чтобы оставить комментарий