Шымкентте үш жасар бала 16 магнит тасын жұтып қойған (ВИДЕО)
Шымкент қалалық балалар клиникалық ауруханасының дәрігерлері аса күрделі ота жасап, 16 магнит тасын жұтып қойған үш жасар баланы аман алып қалды. Бұл туралы қалалық денсаулық сақтау басқармасы мәлімдеді, деп хабарлайды POLITICO.KZ.
Басқарманың мәліметінше, қабылдау бөлімінде балаға дереу медициналық көмек көрсетілген.
«Қабылдау бөлімінде науқасқа шұғыл медициналық шаралар жүргізіліп, одан кейін хирургия бөлімшесіне жатқызылды. Рентгенологиялық зерттеу баланың ішінен бөгде зат бар екенін анықтады. Тиісті медициналық тексерулерден кейін балаға жедел ота жасалды», – делінген хабарламада.
Дәрігерлер видеоэзофагогастроскопия әдісін қолдана отырып, баланың асқазанынан диаметрі шамамен 0,5 сантиметр болатын 16 магнит тасын анықтаған. Магниттердің бір-біріне тартылуы ішкі ағзаларға аса қауіпті болған.
«Бөгде заттар эндоскопиялық граспердің көмегімен ағзадан толық алынып тасталды. Қазіргі таңда баланың жағдайы қанағаттанарлық, дәрігерлер науқастың өміріне төнген қауіптің дер кезінде алдын алды», – дейді дәрігерлер.
Соңғы жаңалықтар