Шымкентте жұмыс іздеген студент қызды зорлап кеткен

18.03.2026 10:19 Әсел Мұрат
Шымкентте жұмыс іздеген студент қызды зорлап кеткен
400
Фото: ашық дереккөз

Шымкентте әлеуметтік желі арқылы жұмыс іздеген қыз жеңгетайлардың құрбанына айналды, деп хабарлайды Politico.kz Almaty.tv арнасына сілтеме жасап.

 Күнкөріс үшін нәпақа табамын деп үміттенген бойжеткенді әлдекімдер «боди-массаж» жасауға итермелеген. Кейіннен қызмет алуға келген ер адамдардың бірі студент қызды еркінен тыс зорлаған көрінеді.

Оқиға былтыр жазда болған. 18 жастағы студент қыз инстаграмдағы жарнамасы жер жарған хабарландыруға сеніп қалады. Табыс табамын деген үмітпен хабарласқан бойжеткенді белгісіз адамдар кездесуге шақырады. Сол жерге барған кезде қыз ұсынылған жұмыстың шын мәнінде «боди-массаж» екенін түсінеді. Алайда жеңгетайлар «саған ешкім тиіспейді, тек келген ер адамдардың арқасын уқаласаң болды» деп сендіріпті.

«Менің қолымнан сүйреп кіргізді. Шығайын десем, есік алдына күзетшілер тұрып алған. Іштегі бала қинап, мен оған қанша жалындым, жыладым. Менің өмірімдегі қателігім келіскенім. Қанша ақшадан қысылсам да, жоқ деп айтуым керек еді», – деді жәбірленуші.

Бұл оқиғаның барлығы «монша» деген атаумен жұмыс істейтін ғимаратта болған. Ең қызығы, арыз жазылса да, бұл орын әлі күнге дейін жабылмаған. Жәбірленушілер болса, құзырлы органдардың осы уақытқа дейін ешқандай шара қолданбағанына ашулы.

«Ертең қызымды басына қап кигізіп, шетел асырып, өлтіріп, көміп тастап кетсе, не істеймін, айтыңыздаршы? Онсыз да осы күнге дейін «өлтіріп кетеміз, істі өткізбей қоймаймыз. Бармайды, істі тоқтатасыз» еп қорқытып келді», – деді жәбірленушінің анасы.

Ал Шымкент полициясы бұл істің «зорлау» бабы бойынша тергеліп жатқанын айтты. Қазір тиісті сараптамалар тағайындалған. Соның нәтижесі бойынша түпкілікті шешім қабылданбақ.

«Қылмыстық Кодекстің 120-бабы 1-бөлігімен қылмыстық іс тергеліп жатыр. Аталған іс бойынша сот психо-криминалистикалық сараптамасы және жәбірленуші қызға тиесілі ұялы телефонға криминалистикалық зерттеу тағайындалды. Сараптама қорытындылары алынғаннан кейін қылмыстық іс бойынша заңды процессуалдық шешім қабылданады», – деді Шымкент қалалық полиция департаментінің баспасөз қызметі.

Жәбірленушілер қызды зорлаған азамат та, оны жезөкшелікке тартқандар да заң алдында жазасын алсын деп отыр. Сондай-ақ құзырлы органдардан істі созбалаңға салмай, тез арада сотқа жолдауды талап етеді.
 

Google News

Следите за нашими новостями в Google News

Подписаться
Войдите, чтобы оставить комментарий