Шымкенттегі аудан әкімінің үстінен іс қозғалды
Мемлекеттік қызмет істері агенттігі желіде тараған видеоға байланысты Шымкент қаласы Қаратау ауданының әкімі Алмас Абаевқа қатысты тәртіптік іс қозғалып, қызметтік тексеру басталғанын мәлімдеді, деп хабарлайды Politico.kz.
Әлеуметтік желіде футбол алаңында аудан әкіміне ұқсайтын ер адамның басқа біреуді бірнеше рет ұрып жатқаны бейнеленген видео тараған. Осы даулы оқиғадан кейін шенеуніктің үстінен іс қозғалып, жиналған материалдар агенттіктің Әдеп жөніндегі комиссиясының қарауына жіберілді.
Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің жергілікті мемлекеттік органдар қызметін бақылау басқармасының басшысы Жасұлан Тұлақов Kazinform басылымының сауалына берген жауабында істің мән-жайын түсіндірді.
«Сұрауда көрсетілген уәждерге сәйкес Қаратау ауданының әкімі Алмас Абаевқа қатысты тәртіптік іс қозғалып, қызметтік тексеру тағайындалды. Тексеру материалдары агенттіктің Әдеп жөніндегі комиссиясының отырысында қаралады», - деді басқарма басшысы.
Оның сөзінше, 2016 жылы бекітілген арнайы ережеге сай комиссия шенеуніктің әрекетіне құқықтық баға береді. Отырыс барысында оның тәртіптік теріс қылық жасаған-жасамағаны және жазаның қандай түрі қолданылатыны анықталады.
Еске сала кетейік, аталған видео жарияланғаннан кейін Шымкент әкімдігі қызметтік тексеріс басталғанын хабарлап, жұртшылықты тексеру аяқталғанша асығыс қорытынды жасамауға шақырған болатын. Бұл оқиға бойынша түпкілікті шешімді Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Әдеп жөніндегі комиссиясы қабылдайды.
Соңғы жаңалықтар