Шымкенттегі қанды қылмыс: жасанды жол апатынан жоспарлы кісі өлтіруге дейін

28.01.2026 12:10 Мөлдір Талғат Мөлдір Талғат
Шымкенттегі қанды қылмыс: жасанды жол апатынан жоспарлы кісі өлтіруге дейін
206
Фото: коллаж politico.kz

Шымкенттің қақ ортасында, адам көп жүретін көшеде болған қанды оқиға қала тұрғындарын есеңгіретіп тастады, деп хабарлайды Politico.kz.

 Алғашында жол-көлік оқиғасынан кейінгі қарапайым жанжал болып көрінген жағдай санаулы минуттардың ішінде жаппай төбелеске, адам ұрлауға және кісі өліміне ұласты. Бұл жай ғана кездейсоқ жанжал ма, әлде алдын ала жоспарланған қылмыстық есеп айырысу ма – осы сұрақтарға Orda.kz журналистері жауап іздеді.

Оқиға қалай өрбіді

2026 жылғы 20 қаңтар күні күндіз Toyota Camry көлігі бағдаршамда тоқтап тұрған Hyundai Sonata-ға соқтығысады. Camry ішінде үш ер адам болған, олардың бірі – Василий Колесников. Көліктерден шыққан тараптар арасында әуелі сөзге келу басталады. Алайда көп ұзамай оқиға орнына Lexus автокөлігі келіп тоқтап, одан бетперде киген бірнеше адам түседі. Осы сәттен бастап жағдай ушығып, жаппай төбелеске айналады.

Куәгерлердің көз алдында пышақ қолданылып, оқиға орнында қаруға ұқсас зат та байқалған. Төбелес кезінде Колесников отырған көліктің жүргізушісі мойнынан пышақ жарақатын алады. Бірнеше минутқа созылған қақтығыс ашық түрде, көпшілік алдында өтеді.

Кейін бейнежазбаларда Василий Колесниковтың бірнеше адам тарапынан күшпен көлікке отырғызылып, алып кетілгені анық көрінеді. Ол қарсылық көрсеткенімен, есік сыртынан жабылып, көлік оқиға орнынан кетіп қалады.

Бірнеше сағаттан соң Василий Колесниковтың мәйіті Түркістан облысы Ордабасы ауданы аумағынан табылды. Дәрігерлер оның ауыр соққы алғанын, қол-аяқ сүйектері сынғанын анықтаған. Жарақаттар аса қатыгездікпен жасалғанын көрсеткен.

Қорғаушы не дейді

Марқұмның адвокаты Талғат Есімов бұл оқиғаны кездейсоқ жанжал емес, алдын ала дайындалған шабуыл деп есептейді. Ол полицияның әрекетіне қатысты бірқатар сұрақ көтерді: шабуылдың бірнеше минутқа созылғанына қарамастан, неге жедел әрекет болмады, қаладағы бейнебақылау камералары қайда қарады, неге «Ұстау» жоспары іске қосылмады?

Адвокаттың айтуынша, қылмыскерлер қаланың ортасынан еш кедергісіз шығып, Ордабасы ауданына дейін жеткен. Бұл – кемінде 40 минут. Осы уақыт ішінде құқық қорғау органдары тарапынан нақты тосқауыл болмаған.

Марқұм кім еді

Василий Колесников – Шымкент тұрғыны, күрестен спорт шебері. Спорт ортасында танымал болған. Оның әкесі Александр Колесников – белгілі жаттықтырушы, ардагерлер арасындағы әлем чемпионатының жүлдегері, қазақстандық ММА файтері Бекзат Жасияның алғашқы тәлімгері.

Әкесінің айтуынша, Василий еңбекқор, тәртіпті, отбасына қамқор адам болған. Бір жыл бұрын отбасы анадан айырылса, енді әке ұлынан айырылды. Марқұмның артында жары мен ұлы қалды.

Қаладағы әңгіме мен тергеу

Алғашында оқиға «жол апатынан кейінгі төбелес» деп сипатталды. Алайда бейнежазбалар жарияланған соң, қалада бұл қылмыстық топтар арасындағы есеп айырысу болуы мүмкін деген әңгімелер тарады. Қылмыстың әдейі, көпшілікке көрсетіп жасалғаны айтылуда. Дегенмен бұл – ресми расталмаған болжамдар.

Қазіргі таңда іс бойынша 7 адам ұсталғаны белгілі. Тергеу жалғасып жатыр, бұл санның артуы мүмкін. Іс Ішкі істер министрлігінің бақылауында, Шымкентке орталық аппараттан арнайы топ жіберілген.

Google News

Следите за нашими новостями в Google News

Подписаться
Войдите, чтобы оставить комментарий