Шымкенттегі тойханада 13 жастағы жасөспірім көз жұмған: Мейрамхана әкімшілігі жауапқа тартылды
2GIS қосымшасында Шымкент қаласындағы «Алтын Мерос» мейрамханасына қатысты пікір қалдырған тұрғындар осыдан бірнеше ай бұрын мекемеде 13 жастағы жасөспірімнің қайтыс болғанын жарыса жазды, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
Желі қолданушыларының айтуынша, Мирас есімді жасөспірім мейрамханада жұмыс істеп жүріп көз жұмған. Олар тойхана әкімшілігін еңбек қауіпсіздігі талаптарын сақтамады және кәмелетке толмаған балаларға ауыр жұмыс жүктеді деп айыптаған.
«13 жастағы баламен болған бұл қайғылы жағдай мекеме әкімшілігінің қызметкерлерге салғырт қарайтынын көрсетеді. Мұны жай ғана кездейсоқтық деп түсіндіруге болар еді, бірақ ғимаратта бейнебақылау камераларының жоқтығы қауіпсіздік талаптарының орындалмайтынын дәлелдейді. Кәмелетке толмаған балаларды жұмысқа ала отырып әрекеттерін жалғастыра берсе, таңғалмаймын. Өйткені мұндай орындарда жасөспірімдердің жұмысқа деген сұранысын пайдалану әдетке айналған», – деп жазды пікір қалдырушылардың бірі.
Сондай-ақ желіде: «Әкімшілік қайда қараған? Оқиғаға себеп болған бұл залды жабу керек. Ең ауыры — марқұмның анасы жалғыз қалды», «13 жастағы бала қалай жұмысқа шықты? Неліктен алғашқы медициналық көмек дер кезінде көрсетілмеді?» деген ашынған пікірлер толассыз жазылуда.
Бұл оқиғаға байланысты Шымкент қалалық полиция департаментіне ресми сұрау жолданды. Құқық қорғау органдары жасөспірімнің жүрегі тоқтап қайтыс болғанын растады.
«Шымкенттегі тойханалардың бірінде кәмелетке толмаған баланың қайтыс болу фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізілді. Сараптама нәтижесінде жасөспірімнің ауру салдарынан көз жұмғаны анықталды», – деп мәлімдеді полиция.
Десе де, полиция өкілдері тексеру барысында анықталған еңбек заңнамасын бұзу фактілері бойынша тойхана иесінің әкімшілік жауапкершілікке тартылғанын атап өтті.
Соңғы жаңалықтар