«Сіздің туысыңызбын деді» Қазақстандық Жапаровқа алданып қалғанын айтты

«Сіздің туысыңызбын деді» Қазақстандық Жапаровқа алданып қалғанын айтты
Фото: kg.akipress.org

Қырғызстан президенті Садыр Жапаровтың алдына барған қазақстандық азамат өзін мемлекет басшысының туысы ретінде таныстырған адамға алданып қалғанын айтты. Оның сөзінше, алаяқтардың кесірінен 200 мың доллардан астам ақшасынан айырылған, деп хабарлайды Politico.kz.

Қазақстан азаматы Алиджи Афаров Қырғызстан президентімен кездесу кезінде басынан өткен жағдайды баяндады. Ол Шу облысындағы Кант қаласының маңынан карьер сатып алған. Алайда кейін нысанды ұйымдасқан қылмыстық топ мүшелері алаяқтық жолмен тартып алды деп отыр.

«Карьер сатып алған едім, ұйымдасқан қылмыстық топтың қолына түсіп қалдым. Олар алаяқтық жолмен карьерді қайтадан иемденіп алды. Шығыным 200 мың доллардан асады. Олардың бірі өзін сіздің жиеніңіз, туысыңыз Азамат Жапаров деп таныстырды. Екіншісі – Ильясбек Каипов», – деді қазақстандық азамат.

Мұны естіген Садыр Жапаров Азамат Жапаровтың шынымен өз туысы екенін сұрады.

«Азамат Жапаров менің туысым емес пе? Әлде жай ғана аттас адам ба?» – деді Қырғызстан президенті.

Афаров әлгі адамның өзін президенттің туысы ретінде таныстырғанын, бірақ кейін оның Жапаровқа ешқандай туыстық қатысы жоқ екені белгілі болғанын айтты.

Қазақстандық азамат бұл іске қатысы бар деп күдіктенетін адамдардың ұйымдасқан қылмыстық топтармен байланысы болуы мүмкін екенін де жеткізді. Ол Мәскеуде ұсталған бір адамның аты аталған азаматтардың бірімен байланысы барын мәлімдеді.

Шағымды тыңдаған Садыр Жапаров Қырғызстанның Ішкі істер министрлігіне қазақстандық азаматты қабылдап, мән-жайды анықтауды тапсырды.

«Ішкі істер министрлігі, бұл азаматты қабылдаңыздар. Кездесуден кейін бірден қабылдап, барлық мәліметті анықтаңыздар», – деді ол.

Алайда президент мұнымен тоқтаған жоқ. Ол Афаров атаған екі адамның қазір қайда жүргенін сұрады. Олардың әлі ұсталмағанын білген соң, полицияға тағы бір тапсырма берді.

«Ішкі істер министрлігі, оларды ұстаңыздар да, ақшасын қайтарыңыздар. 200 мың долларды қайтару керек. Бұл азаматқа көмектесіңіздер», – деді Садыр Жапаров.

Әзірге Қырғызстан ІІМ қазақстандық азаматтың арызы бойынша тексеру басталғаны немесе ол атаған адамдардың қандай мәртебеде екені туралы ресми ақпарат жариялаған жоқ.

Бізді Google-дың негізгі дереккөздер тізіміне қосыңыз
Қосу