Алматы метросында не болды: метрополитен жағдайды түсіндірді

Алматы метросында не болды: метрополитен жағдайды түсіндірді
Фото: видеодан скрин

Бүгін, 9 қараша күні таңертең Алматы метрополитенінің кіреберістерінде ұзын-сонар кезек пайда болып, жолаушылардың кептеліп қалды Бұған «Оңай» жүйесінің QR-код арқылы төлем жасау қызметіндегі техникалық ақау себеп болған, деп хабарлайды Politico.kz.

Алматы тұрғындары таңғы қарбалас уақыттағы метро бекеттеріндегі қалың кезекті видеоға түсіріп, әлеуметтік желілерде жарыса бөлісті. 

Атап айтқанда, Threads желісінде тараған бейнежазбаларда станция кіреберісіне сыймай тұрған адамдардың қарасы анық көрінеді.

«Дүйсенбі күнгі таңертеңгі Алматы метросының кіреберісі. Баланы балабақшаға апару нағыз квестке айналды», – деп жазды желі қолданушыларының бірі.

Аталған жағдайға қатысты Алматы метрополитенінің баспасөз қызметі түсініктеме беріп, ақаудың толық реттелгенін мәлімдеді.

Метрополитен өкілдерінің хабарлауынша, сағат 06:30-дан бастап барлық бекетте техникалық себептерге байланысты Onay жүйесінің QR-коды арқылы төлеу уақытша істемей қалған.

«Бұл ретте Onay көлік карталары, банк карталары, Apple Pay және Samsung Pay қосымшалары, сондай-ақ қағаз түріндегі QR-билеттер арқылы төлем қабылдау штаттық режимде жүргізілді. Сағат 09:30-дағы жағдай бойынша техникалық ақау толықтай жойылды. QR-код арқылы жолақы төлеу қайта қалпына келтірілді», – делінген хабарламада.

Қазіргі уақытта барлық метро станцияларында төлем жүйесі қалыпты режимде жұмыс істеп тұр.

Бізді Google-дың негізгі дереккөздер тізіміне қосыңыз
Қосу