Сотталған экс-шенеуніктің ұлына Ақордада жоғары лауазым берілді

Сотталған экс-шенеуніктің ұлына Ақордада жоғары лауазым берілді
16.10.2025 10:38
0
281
фотоколлаж: POLITICO.KZ

Сотталған шенеуніктің ұлы Ақордада басшылық қызметке келді, деп хабарлайды POLITICO.KZ Ulysmedia.kz басылымына сілтеме жасап.

Астана. 16 қазан. Кеше, 15 қазанда Мемлекет басшысының өкімімен Президент Әкімшілігінің Сыртқы саясат бөлімінің меңгерушісі лауазымына Жандос Бақытбекұлы Иманалиев тағайындалды. Ол танымал «бұқтырылған ет ісі» бойынша сотталған Мемлекеттік материалдық резервтер комитетінің бұрынғы төрағасы Бақытбек Иманалиевтің ұлы.

Еске сала кетейік, жаңа бөлім меңгерушісінің әкесі Бақытбек Иманалиев 6,5 миллиард теңгенің мемлекеттік мүлкін талан-таражға салғаны үшін 2021 жылы сегіз жылға бас бостандығынан айырылған болатын. Іс материалдарына сәйкес, Комитет 2018 жылы мемлекеттік стандартқа сай келмейтін, сиыр етінің орнына соя еті қосылған сапасыз консервілерді сатқан. Бақытбек Иманалиев пен басқа да сотталушылар мұны біле тұра, өнімді сатуды ұйымдастырып, мемлекетке орасан зор шығын келтірген.

Сот Иманалиевті аса ірі мөлшерде мүлікті талан-таражға салды деп танып, мемлекеттік наградаларынан айырып, өмір бойы мемлекеттік қызметте жұмыс істеуге тыйым салған еді. Алайда, үкім шыққаннан кейін бір жылдан сәл астам уақыт өткенде Иманалиев-аға денсаулығына байланысты бостандыққа шықты. Қылмыстық-атқару жүйесі комитеті мұны сотталушының денсаулығымен түсіндіргенімен, дәрігерлік құпияға сілтеп, диагноздың нақты мән-жайын жария етпеді

Бір қызығы, Жандос Иманалиев 2021 жылы жаңа буын басқарушыларын қалыптастыруға арналған Президенттік жастар кадр резервіне өткен болатын. Сол кезде Мемлекеттік қызмет істері агенттігін басқарған Анар Жайылғанова бұл бағдарлама «шынымен мүмкіндігі жоқ» жастар үшін әлеуметтік лифт болатынын және оған жоғары лауазымды шенеуніктердің балалары мен туыстары ілінбейді деп уәде берген еді.

Енді, міне, сол резервтің мүшесі, қоғамда үлкен дау тудырған іс бойынша сотталған шенеуніктің ұлы Ақордадағы маңызды лауазымдардың біріне тағайындалып отыр.

Пікірлер (0)
Здесь пока ничего нет
Пікір қалдырыңыз
Войдите, чтобы оставить комментарий