“Сөзбен жеткізу қиын”. Берденов отадан кейін айықты

Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Руслан Берденов отадан кейін алғаш рет ел алдына шықты, деп хабарлайды POLITICO.KZ.
"Менің басыма түскен ауыр жағдайдан көпшілігіңіз хабардарсыздар деп білемін. Бұл оқыс оқиға маған да, менің отбасым мен жақындарыма да ауыр тигені анық. Мұны сөзбен айтып жеткізу өте қиын.
Алайда, сынаққа толы болған осы уақыт аралығында көптеген адамдардың, әріптестерімнің, тамыр-таныстарымның жанашырлығын, қолдауын, тілектестігін сезіндім. Телефоныма түскен қоңыраулар, хабарламалар, әлеуметтік желідегі тілеулес жазбалар көңіліме демеу болғанын, күш-қуат бергенін, сергіткенін айтқым келеді", дейді Берденов.
Шенеунік 3 аптадан аса уақыт ауруханада жатқан.
"Өзім де аяқтан тұрып, күнделікті тіршілігіме оралатын сәт таяп қалды. Әлбетте, бірінші Алланың, содан соң дәрігерлеріміздің жіті бақылауының, ем-домының арқасында денсаулығым оңалды, қалпына келді. Осы уақыт ішінде мен еліміздің медицинасы көп ілгерілегеніне, шетелдік клиникалардан еш кем еместігіне көз жеткіздім. Ақ халатты абзал жандарымыздың мейірімі мен кәсібилігі де ризашылығымызға әбден лайық. Баршаңыздың қолдауларыңыз бен жанашырлықтарыңызға шексіз алғысымды айтамын", дейді Руслан Берденов.
Еске сала кетейік, 21 сәуірде Шымкент қаласы әкімдігі ғимараты маңында атыс болды. Салдарынан Руслан Берденов жарақат алды. Полиция мәліметінше, күдікті ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалған, бұл дерек бойынша қылмыстық іс қозғалған.
Соңғы жаңалықтар





