Студенттерді айдалаға көшіру керек – Жазира Байырбекова

Танымал әнші Жазира Байырбекова Алматыдағы көлік кептелісін азайту жолын ұсынып, оқырмандар арасында үлкен талқы тудырды, деп хабарлайды POLITICO.KZ Skifnews.kz ақпарат порталы.
Өнер иесі Instagram парақшасында жазба жариялап, қаладағы кептелісті шешудің өзіндік нұсқасын ортаға салды.
«Қайран кептеліссіз уақыт?! Алматының кептелісін қалай шешеміз, халқым?!
Менің нұсқам: барлық оқу орындарын Қонаев, Қаскелен, Талғар, Есік қалаларына көшіруді ұсынар едім. Сіздің ойыңыз қандай?» – деп жазды ол.
Алайда әншінің бұл ұсынысы көпшілікке жақпай қалды. Пікір білдіргендердің басым бөлігі Байырбекованың ұсынысын орынсыз деп бағалады.
«2000 жылдан ескі көліктерді қалаға кіргізбесе, кептеліс сәл де болса азаяр еді», – десе, енді бірі: «Сонда тек тойханаларды қалдыру керек пе?», «Студенттердің ол жаққа қалай жететінін ойладыңыз ба? Олардың бәрі жеке көлік мінбейді ғой, пәтер жалдап әрең күн көріп жүр» деп наразылық білдірді.
Кейбір оқырмандар тіпті:
«Ең дұрысы өзіңіз көшіңіз адамы аз қалашыққа», «Жазира өз басын ғана ойлап отыр», «Студенттерді айдалаға көшіруден мәселе шешілмейді» деген пікірлер қалдырды.
Осылайша, әншінің бастамасы әлеуметтік желіде қызу талқыланып, түрлі пікірлерге арқау болды.
Соңғы жаңалықтар




