"Су басып жатыр". Тұрсын Алагөзовтен тегін үй алғандар шағымдарын жеткізді

11.08.2025 20:11
0
447
видеодан алынған кадр

Әлеуметтік желіде Милена есімді тұрғын Талғар ауданы, Бесағаш ауылындағы Hayat apartments тұрғын үйінің қазіргі жағдайына шағымданып, су басқан үйден фото-видеолар жариялады. Бұл туралы POLITICO.KZ Stan.kz ақпарат агенттігіне сілтеме жасап хабарлайды. 

Оның сөзінше, жаңбыр жауса болды, жаңа үйдің жертөлесі мен 1-қабатын су басып, терезелерден су кіреді. Оған қоса жарық пен ыстық су жиі өшеді дейді ол. Жаңа үйдің тұрғындары құрылыс салушыға жиі шағымын жеткізіп, кездесіп тұрады екен. Дегенмен тұрғындар әлі де реттелмей келе жатқан дүниелерді айтып, қанағаттанбайтынын жеткізді.

Айта кетейік, кәсіпкер Тұрсен Алагөзов қызметкерлеріне 100 пәтер сыйлаған кезде үйді осы Hayat apartments тұрғын үй кешенінен алған. Желіде шағымданған тұрғын осы деректі атап өтті. Ол Алагөзовтың қызметкерлері көшіп келгенде шошитын болды дейді.

"Меніңше, Тұрсен Алагөзов бұл тұрғын үй кешенінен пәтерді босқа алған сияқты. Оның қызметкерлері сыйға алған үйіне барғанда көңілдері қалып қала ма деп ойлаймын. Сол кезде олар оны кінәлауы мүмкін. Сөз жүзінде мұнда тұрғындарға бүкіл жағдайды уәде етеді, бірақ іске келгенде қандай екенін өздеріңіз көріңіздер. Әлде барлық жаңа үйлерде жағдай осындай ма? Терезеден су өтеді. Жаңбыр жауып еді, бәрін су басып қалды. Жел тұрғанда үйдің сыртқы қасбеті түсе бастады. Басқарушы компания тұрғындарды естімейді. Автоматты суару жүйесі күн ыстық кезге қарастырылмаған. Ал көгал күннен сарғайып кеткен", – деп жазған тұрғын Threads-тегі парақшасында.


Ол су басқан үйдің фото-видеоларын да жариялады. Жарық пен су да жиі өшеді деп қосты.

"Жарық пен су, әсіресе ыстық су жиі өшіп тұрады. Суды ағызып жіберетін жүйе жоқ, енді бәрі жертөлеге кетеді. Ал күзде, көктемде не болады? Дренаж жүйесі жоқ. Желіде теріс пікір жазсаң, өшіріледі. Коммуналдық төлемдерді есептеу жүйесіне қатысты да сұрақ көп. Бұл жер асты суларының әсерінен су басатын аймақ болып саналады, ал сонда құрылысқа рұқсат қалай берілді?", – дейді Милена есімді тұрғын.

Hayat apartments тұрғын үйінде тек бір адам шағымданып отырған жоқ. Біз сөйлескен тұрғындардың шағымы мынадай:

"Біз тұрғындар болып компанияның офисіне барамыз, шағымданамыз. Бірақ көбіне қарсы болады немесе ондай проблема бар екенін жоққа шығарады. Терезеден жел өтеді, су өтеді. Ал коммуналкаға қатысты мәселелер көп, үнемі қате болып, қайта есептейді, сәуір айында жылуды тоқтатса да, біз маусымда да жылуға төледік. Бірақ қыс салқын болды. Компанияның басшылығына қанағаттанбаймыз. Себебі тұрғын үйді күтіп ұстауға ақша төлеп жүрміз, бірақ подъезді жуатын кісі енді келейін деп жатыр. Біз жаңадан салынған үйлерде проблема болуы мүмкін екенін түсінеміз, бірақ мына проблемалар шектен шығып кетті", – деп шағымданды тұрғындар.
Пікірлер (0)
Здесь пока ничего нет
Пікір қалдырыңыз
Войдите, чтобы оставить комментарий