Үндістанда іздеудегі қазақстандық бапкерге көмек көрсетіліп жатыр
Үндістанда кәмелетке толмаған спортшы қызды зорлады деген күдікпен іздеуге жарияланған қазақстандық велоспорт бапкері, 34 жастағы Мақсат Аязбаевқа консулдық-құқықтық көмек көрсетіліп жатыр, деп хабарлайды Politico.kz.
Сыртқы істер министрлігі сауалымызға берген жауабында бұл жағдайдан хабардар екенін мәлімдеді.
«Министрлік Үндістандағы Қазақстан Республикасының азаматына қатысты жағдайдан хабардар. Қазақстандық дипломаттар аталған азаматтың туыстарымен байланыста. Оған консулдық-құқықтық көмек көрсетілуде. Министрлік бұл мәселені бақылауында ұстап отыр», деп хабарлады СІМ.
Аязбаевқа қатысты күдік пен оған іздеу жарияланғаны туралы Үндістанның БАҚ-тары, соның ішінде «Таймс оф Индия» басылымы жазған. Басылымның мәліметінше, ол Үндістан велоспортшыларын жаттықтырып жүрген кезде кәмелетке толмаған қызды зорлады деген күдікке ілінген.
Ал Қазақстанның велосипед спорты федерациясы Аязбаевтың қазір Қазақстан құрамасына қатысы жоқ екенін мәлімдеді. Федерацияның түсіндіруінше, ол соңғы жылдары үнді тарапымен жасалған келісімшарт бойынша шетелде жұмыс істеп, Үндістан құрамасын дайындаған.
Мақсат Мұхтарұлы Аязбаев 1992 жылғы 27 қаңтарда дүниеге келген. Бұрынғы кәсіпқой велошабандоз спорттық мансабында «Astana Pro Team» мен «Almaty Continental Team» командаларының сапында өнер көрсетіп, бірнеше халықаралық жарысқа қатысқан. Велоспортшы ретіндегі мансабын аяқтаған соң бапкерлікке ауысып, кейін Үндістанның велоспорттан ұлттық құрамасының бас бапкері болып тағайындалған.
Соңғы жаңалықтар