Астанада автотұрақтағы әйелдің өлімі: төрт экс-полицей ұсталды

29.09.2026 • 10:58 Әсел МҰРАТ
Астанада автотұрақтағы әйелдің өлімі: төрт экс-полицей ұсталды
299
Фото: Politico.kz/Абзал Бахытжанов

Астанада автотұрақтағы әйелдің өлімі бойынша бұрынғы полицейлер ұсталды, деп хабарлайды Politico.kz hronika.kz сайтына сілтеме жасап. 

Бұған дейін ұсталған күдікті – қаза тапқан әйелдің бұрынғы күйеуі, ол да полицияның бұрынғы қызметкері.

29 қыркүйек күні сағат 00:45-те бұрын полицияда қызмет атқарған төрт адам ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Олардың қатарында «Сарыарқа» ауданы полиция басқармасының тергеушісі мен учаскелік инспекторы, сондай-ақ «Нұра» ауданы полиция басқармасының екі учаскелік инспекторы бар. Олар Қылмыстық кодекстің 371-бабы 2-бөлігі («Абайсызда ауыр зардаптарға әкеп соққан салғырттық») бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру аясында ұсталды.

Төртеуінің де ішкі істер органдарындағы қызметі 28 қыркүйекте теріс себептермен тоқтатылған.

Сондай-ақ оқиғадан кейін полиция департаменті бастығының тергеу жөніндегі орынбасары қызметінен босатылды.

Еске салайық, 23 қыркүйекте Астанада ер адам бұрынғы әйелін автотұрақта өлтірген еді. Тергеу материалдарына сәйкес, қайғылы оқиғаға дейін әйел полицияға бірнеше рет жүгініп, ер адамның өзіне қол көтергенін, зорлағанын және қоқан-лоқы көрсеткенін хабарлаған.

23 қыркүйекте кешке ер адам бұрынғы әйелін үйдің жанындағы автотұрақта кездестірген. Haval M6 көлігінің ішінде олардың арасында жанжал шыққан. 1993 жылы туған Т. Камиден әйелге пышақпен 13 рет соққы жасаған. 1996 жылы туған Ж. Камиден алған жарақаттарынан көз жұмды.

Күдікті ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды.

Тергеу барысында анықталғандай, бұған дейін де Т. К.-ға қатысты шаралар қабылданған. Атап айтқанда, 2025 жылы 5 маусымда оған қорғау нұсқамасы шығарылған.

2026 жылы 18 тамызда оған қайтадан қорғау нұсқамасы беріліп, Қылмыстық кодекстің 108-1-бабы 1-бөлігі («Денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтіру») бойынша қылмыстық іс қозғалған. «Сарыарқа» ауданы прокуратурасының нұсқауымен 21 тамызда осы істен Қылмыстық кодекстің 120-бабы 1-бөлігі («Зорлау») бойынша қылмыстық іс бөлініп алынған. Алайда 23 қыркүйекте бұл іс тоқтатылған.

Кейін Қылмыстық кодекстің 108-1-бабы 1-бөлігі («Денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтіру») бойынша іс Қылмыстық кодекстің 110-бабы 1-бөлігіне, яғни қинау бабына қайта сараланған.

Соған қарамастан, әйелге қатысты қоқан-лоқы жалғасқан.

7 қыркүйекте Т. Камиден бұрынғы әйелінің үйіне барып, оны пышақпен қорқытқан. 9 қыркүйекте де осындай жағдай қайталанған.

22 қыркүйекте Қылмыстық кодекстің 108-1-бабы 1-бөлігі («Денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтіру») бойынша материал «Сарыарқа» аудандық полиция басқармасында болған. Аудан прокуратурасы істің саралануымен келіспей, әрекетті Қылмыстық кодекстің 110-бабы 1-бөлігі («Қинау») бойынша қайта саралап, материалды анықтау бөліміне жолдауды тапсырған.

Осыдан кейін Т. Камиден босатылған. Келесі күні әйел көз жұмды.

Қайғылы оқиғадан кейін ІІМ Өзіндік қауіпсіздік департаментінің қызметкерлері марқұм әйелдің арыз-шағымдарымен жұмыс істеген полицейлердің әрекеттеріне тексеру жүргізе бастады.

Т. Камиденнің өзі де бұған дейін ішкі істер органдарында қызмет атқарған. Ол 2014 жылдан 2026 жылдың 29 шілдесіне дейін полицияның түрлі бөлімшелерінде жұмыс істеп, кейін өз еркімен қызметтен кеткен. Бұрынғы әйелімен 14 қыркүйекте ажырасқан.

Войдите, чтобы оставить комментарий