Супермаркетте өз құқығыңызды біліңіз: күзетші не істей алады, ал неге құқығы жоқ

Сауда орындарындағы күзетшілердің құқықтары мен міндеттері
Бүгінде супермаркет пен сауда орталықтарына бару көпшіліктің күнделікті әдетіне айналды. Алайда кейде мұндай жерлерде келіспеушіліктер туындап жатады. Мысалы, күзетшілер кейде сатып алушыдан сөмкені арнайы ұяшыққа қалдыруды немесе шығарда ашып көрсетуді сұрайды. Бұл қаншалықты заңды әрекет?
Ең алдымен, «Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы» заңның 24-бабына сәйкес, әрбір азамат тауар мен қызметті қауіпсіз әрі еркін пайдалану құқығына ие. Демек, сатып алушы дүкенге өз сөмкесімен немесе рюкзакпен кіре алады. Заңда оны міндетті түрде сақтау камерасына тапсыру қажет деген талап жоқ. Егер күзетші сөмкеңізді қалдыруды ұсынса, бұл тек ұсыныс, яғни сіз өз еркіңізбен келіскен жағдайда ғана орынды болады. Мұндай келісім азаматтық кодекстің «Сақтау шарты» бөлімінде (39-тарау, 380-бап) көрсетілген.
Көп жағдайда дүкеннен шыққанда күзетші сөмкені ашып көрсетуді сұрайды. Бұл міндет емес, жай ғана өтініш. Сіз бұған толықтай бас тартуға құқылысыз. ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 16-бабы бойынша жеке тінту немесе заттарды тексеру тек құқық бұзушылық жасалған жағдайда ғана және тек полиция қызметкерлері тарапынан жүргізіледі. Оның өзі бейнежазбаға түсіріліп, міндетті түрде хаттамамен рәсімделуі тиіс (ҚР ӘҚБтК 791-бабы). Күзетші мұндай әрекетті өздігінен жасай алмайды. Егер күдік туындаса, ол тек полиция шақырып, ресми тергеуді күтеді.
Күзетшілердің құқықтары мен міндеттері «Күзет қызметі туралы» заңмен нақты белгіленген. 1, 3 және 4-баптарда олардың міндеті тек қоғамдық тәртіп пен мүліктің қауіпсіздігін қамтамасыз ету екені көрсетілген. Ал азаматты тінту, жеке заттарын қарау, күш қолдану немесе еркін қозғалысын шектеу олардың құзыретіне кірмейді. Егер күзетші өз өкілеттігін асыра пайдаланса, бұл іс Қылмыстық кодекстің 252-бабы бойынша қылмыстық жауапкершілікке әкелуі мүмкін.
Егер сіздің құқығыңыз бұзылды деп есептесеңіз, ең дұрысы сабыр сақтап, заң аясында әрекет ету. Күзетшінің заңсыз талабынан сыпайы түрде бас тартыңыз, қажет болса полиция шақыруды ұсыныңыз. Болған оқиғаны бейнежазбаға түсіріп, куәгерлердің қатысуымен тіркеп, кейін дүкен әкімшілігіне шағым беруге немесе жергілікті полиция бөліміне жүгінуге болады.
Бастысы өз құқығыңызды біліп, заңды жолмен қорғай білу.
Қазақстан Республикасы Сауда және интеграция министрлігі
Соңғы жаңалықтар




