Сүйіктісіне 5 млн теңге берген жігіт ақшасын сот арқылы қайтарғысы келген
Астаналық азамат интернет арқылы бір арумен танысып, кейін WhatsApp мессенджері арқылы тұрақты түрде хат алмасып тұрғаны белгілі болды, деп хабарлайды POLITICO.KZ.
Хабарласу барысында қыз өзінің денсаулығына байланысты материалдық көмек сұраған, ал жігіт Kaspi қосымшасы арқылы оның телефон нөміріне бірнеше рет ақша аударған.
Алайда біраз уақыт өткен соң, азамат Астана қаласының азаматтық істер жөніндегі ауданаралық сотына 5 миллион теңгені қайтарып алу туралы талап арызбен жүгінді. Істі қарау кезінде тараптар арасында жеке (романтикалық) қарым-қатынастар болғаны анықталды. Сот талап қоюшының материалдық көмекті ерікті түрде көрсеткенін, тараптар арасында қарыз шартына сәйкес міндеттемелердің жоқ екенін мәлімдеді.
Kaspi сервисі арқылы жүргізілген аударымдарда ақшаны қайтару немесе басқа да міндеттемелер туралы ешқандай шарт көрсетілмеген. Осыған байланысты сот талапты қанағаттандыруға негіз жоқ деп шешті. Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің 954-бабына сәйкес, қайырымдылық, материалдық көмек немесе сый ретінде берілген ақша негізсіз баю ретінде қайтарылуға жатпайды.
Нәтижесінде сот талап қоюшының талабын қанағаттандырмады. Азамат сот шешіміне шағымданғанымен, Астана қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасы шешімді өзгеріссіз қалдырды. Сот актісі заңды күшіне енді.
Соңғы жаңалықтар





