"Сыныптастары": Шымкентте мүгедек қызды бір топ жігіт көп уақыт зорлап келген

Шымкентте арам ойын іске асырып, мүгедектігі бар қызды қорлаған жігітке үкім шықты. Ол 8 жылға сотталды, деп хабарлайды POLITICO.KZ Almaty.tv арнасына сілтеп.
Бірнеше ай бұрын 22 жастағы бойжеткенді бір топ еркек зорлады деген ақпарат тарады. Сорақысы, олар арам ойын бір емес, бірнеше рет жүзеге асырған.
Жаға ұстатарлық жағдай 21 наурызда болған. Үш еркек студент қызды көлікке күштеп отырғызып, қаланың шетіне апарып, арам ойын іске асырыпты. Бұдан да сорақысы, күдіктілер аталған жағдайды видеоға түсіргенін айтып, 8 ай бойы бойжеткенді қорқытып, қорлап келген. Тіпті үйде ешкім жоқ кезде баса-көктеп кіріп, айуандыққа барған кездері де болыпты. Алайда сот барысында бейнежазбаның болмағаны анықталған.
"Екеуі сыныптас екен. Екеуі бірге қызбен танысқан. Араласып жүрген. "Басқа жігітпен жүрдің" деп қызғанған. Такси жүргізушісі бұл жерде куә ретінде өтті. Өйткені ол жерде ол қызға тиіскен жоқ. Оны қыздың өзі де мақұлдады", - деді құқық қорғаушы Гүлайхан Тұрсуманова.
Бүгінде қылмыстық іс бойынша тек бір күдіктінің кінәсі дәлелденіп отыр. Шымкенттегі соттың шешімімен, 28 жастағы азамат 8 жылға бас бостандығынан айырылды. Сондай-ақ жәбірленушіге 3 млн теңге моральдық шығын өтеуге міндеттелген.
"Сот отырысында жәбірленуші қылмыскерге қатаң жаза тағайындауды талап етті. Ал сотталушы өз кінәсін мойындап, жасаған ісіне өкініш білдіріп, жеңіл жаза сұрады. Сот оның өкінуін жеңілдететін мән-жай ретінде есепке алып, ауырлататын жағдайлар жоқ екенін ескерді. Нәтижесінде, ол Қылмыстық кодекстің 120-бабы 2-бөлігінің 2 тармағы бойынша кінәлі деп танылды", - делінген Шымкент қалалық сотының хабарламасында.
Қазір осы оқиға бойынша тағы бір күдіктінің ісі Түркістанда қаралып жатыр. Ал такси жүргізушісі куәгер ретінде танылғанымен, жәбірленушілер оны қылмысты жасырды деп айыптап, тағы сотқа бермек.
Соңғы жаңалықтар





