Сырдарияда батып кеткен ағайынды жігіттердің денесі үш күннен кейін толық табылды
Түркістан облысындағы Сырдария өзеніне батып кеткен ағайынды екі жігітті іздеу операциясы аяқталып, екінші марқұмның денесі 25 тамыз күні таңертең судан шығарылды, деп хабарлайды Politico.kz.
Қайғылы оқиға 22 тамызда сағат 14.00 шамасында Үшайық ауылының маңында болған. Өзен жағасында демалып жүрген 22 және 28 жастағы Сейдан Жәлімбет Темірәліұлы мен Сейдан Жанболат Темірәліұлы есімді ағайындылар шомылуға тыйым салынған учаскеде суға түскен. Сол сәтте кішісі кенеттен ағыны қатты тереңге бата бастаған соң, ағасы оны құтқаруға ұмтылғанымен, екеуі де ағысқа төтеп бере алмай су астына кете барған.
Құтқарушылар 2002 жылы туған інісінің мәйітін 25 тамызға қараған түнгі сағат 01.00 шамасында оқиға болған жерден алты шақырымдай қашықтықтан тапты.
«25 тамыз күні таңертеңгі жағдай бойынша екінші азаматты іздеуге құтқарушылар жасағы, үш ұшу аппараты және төрт техника жұмылдырылды. Сағат 09:45-те мәйіт судан шығарылды», – деп хабарлады ТЖД.
Үш күнге созылған бұл ауқымды операцияға Түркістан облысы мен Шымкент қаласының құтқарушылары, полицейлер, дәрігерлер, сондай-ақ 90-ға жуық жергілікті тұрғын мен марқұмдардың туыстары қатысты.
Соңғы жаңалықтар