Танымал актер полиция арқылы үндеу жасады

Танымал актер Дәурен Серғазин тәртіпсіз жастарға арнап үндеу жасады, деп хабарлайды POLITICO.KZ.
Абай облысы әкімдігінің мәліметінше, бұл үндеу «Жасөспірім» жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында жасалды.
Актер заңды сақтау, өз әрекеттері үшін жауапкершілік алу және өмірлік жолды саналы түрде таңдаудың маңыздылығын атап өтті. Оның айтуынша, ережелерге құрметпен қарау мен жауапкершілік – сенімді әрі лайықты болашақтың негізі.
«Құрметті, біздің жастар, жас өскелең ұрпақ, еліміздің болашағы сендердің қолдарыңда. Сондықтан әр қадамдарың нық, жолдарың ашық болсын! Тәртіпсіз ел болмайды, тәртіпке бағынған құл болмайды, деп айтып өткен Бауыржан Момышұлы атамыз. Сол себепті еліміздің заңына бағыну – біздің парызымыз. Егер тәртіп бұзбасақ, ешкімнің ала жібін аттамай, көз жасына қалмай, адал, шыншыл өмір сүрсек, болашақтарың жарқын болмақ. Таза, әділетті, еркін қоғам құру – бәріміздің қолымызда», - деп Дәурен Серғазин жастарға үн қатты.
Бұл бастама жастармен жүргізіліп жатқан ауқымды профилактикалық жұмыстың бір бөлігіне айналды.
Соңғы жаңалықтар





