Танымал блогер әрі спортшы Айтым Жақыпов жауапқа тартылды (ВИДЕО)
Қазақстандық танымал блогер әрі спортшы Айтым Жақыпов Астанада бірнеше жол қозғалысы ережесін бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды, деп хабарлайды Politico.kz.
Бұған дейін әлеуметтік желіде Mercedes-Benz көлігінің жүргізушісі жол ережелерін өрескел бұзған сәт түсірілген видео тараған еді. Жазба авторының мәліметінше, оқиға елордадағы Қарқаралы тасжолында, LRT желісі маңында болған.
Кадрлардан жүргізушінің жол жиегімен қозғалғанын, жол белгілеріне бағынбағанын көруге болады. Сонымен қатар ол бұрылыс сигналын қоспай маневр жасап, жолдағы жағдайды қиындатқан және қарсы бағытқа арналған жолаққа шығып кеткен.
Көліктің мемлекеттік нөмірі арқылы желі қолданушылары оның жүргізушісі блогер Айтым Жақыпов екенін анықтаған. Кейін спортшы көлік тізгінінде өзі болғанын мойындап, әлеуметтік желідегі оқырмандарынан кешірім сұрады.
«Расымен қатты асықтым. Егер біреуге қолайсыздық тудырсам, шын жүректен кешірім сұраймын», – деп жазды ол.
Бұл жағдай әлеуметтік желіде қызу талқыға түсті. Кейбір қолданушылар блогерді жүргізуші куәлігінен айыруды ұсынса, енді бірі оның спортшы екенін ескеріп, әзілмен жаза ретінде «200 берпи жасауды» ұсынды.
Астана қалалық полиция департаменті әлеуметтік желілерге мониторинг жүргізу барысында бейнежазбадағы жүргізушінің кім екені анықталғанын мәлімдеді.
Полицияның хабарлауынша, 34 жастағы жүргізуші жол белгілерінің талаптарын орындамағаны, қарсы бағыттағы қозғалыс ережесін бұзғаны және маневр жасау қағидаларын сақтамағаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылған.
Айтым Жақыпов – Қазақстанға танымал блогер әрі спортшы. Оның Instagram желісіндегі парақшасына 3,9 миллионға жуық адам жазылған. Ол воркаут саласындағы рекордтарымен, пауэрлифтингтегі жетістіктерімен және артық салмағы бар адамдарға арналған жобаларымен танымал.
Соңғы жаңалықтар